Атыраулық балалар жылыжайды баптамақ
Атырау қаласында отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылынан жылыжай салынып, пайдалануға берілді.
Облыстық іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен салынған жылыжайдың құрылысы маусым айында басталған. Қыркүйек айында аталып өтетін «Отбасы күнінің» қарсаңында ашылған жылыжайдың аумағы 50 шаршы метрді құрайды.
Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаеваның айтуынша, Жайық өзенінің жағасынан салынып, былтыр пайдалануға берілген балалар ауылы екі қабатты сегіз тұрғын үйден тұрады. Мұндағы 80 орындық тұрғын үйлер 8 отбасына арналған. Бүгінде 3-18 жас аралығындағы жетім және ата – анасының қамқорлығынсыз қалған 53 бала 6 отбасында тәрбиеленуде.
Балалар ауылының қамқоршылық кеңесінің мүшесі демеушілік көрсетіп, тауық қора мен қоян қора салып беруге көмектескен. Бүгінде ауылда 12 қоян, 5 тауық пен 12 балапан тауық бар.
- — Балалар үй жануарларын бағуға, жылыжайды баптауға қолғабыс ететін болады. Оған қоса өздерінен қалған тамақтың қалдығын ысырап етіп, қоқысқа тастамау үшін үй жануарларын тамақтандырады. Бұл ауыл үлгісіндегі мекеме болғандықтан осындай шаруашылықтар болуы керек. Балалар мейірімділікке тәрбиеленеді. Биыл ұл балаларға арналған шеберхана ашуды жоспарлап отырмыз. Үш білдек (станок) сатып алдық. Толықтай ашу үшін қосымша дүниелері қажет. Осы арқылы ұлдарды іске үйретіп, өмірге икемдеу керек. Демеушілік көмек арқылы шаштараз бөлмесіне жиһаздар алып, сұлулық салонын аштық. Ал, қыздарға арналған тігін цехы тәрбиеленушілерге тігін және пішу шеберлігін кәсіби түрде үйретеді. Мұндағы балалар сахнаға арналған киімдерін өздері тігеді. Сондай-ақ, ауылда өзін-өзі тану және әлеуметтік бейімдеу орталығы бар. Заманауи конференц-зал балаларға онлайн-режимде оқуға мүмкіндік береді. Мұнда тәрбиеленушілердің бос уақытын өткізу және салауатты өмір салтын қолдау үшін мәдени-спорт кешенінде қоғамдық жұмыстар, жарыстар мен жаттығулар өткізіледі. Ауылдағы балалар қаладағы үш мектепке қатынап оқиды, — деді Гүлсара Аманғалиқызы.
Салтанатты шарада әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор-комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина мен облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Гүлжан Мұхатаева жылыжайдың лентасын қиды.
- — Биылғы «Балалар жылына» орай «Балалар күнінде» қолға алған жылыжай құрылысы аяқталып, іске асып отыр. Балалар ауылының тәрбиеленушілері өз қолдарымен көкөністерді өсіріп, күтіп-баптайтын болады. Балалар ауылы болған соң балалардың еңбекке үйренуіне жағдай жасалуы керек. Облыс бойынша 170 мүшесі бар әйелдер кеңесінің құрылғанына 7 жыл. Осы жылдар ішінде кеңес мүшелерінің ұйытқы болуымен көптеген жұмыстар атқарылды, — деді облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Гүлжан Мұхатаева.
Шараға қатысқан бір топ іскер әйелдер көкөністердің көшеттерін балалармен бірге отырғызды. Осылайша жылдың көктем мен күз айларында жылыжайда аскөк, пияз, шалғам (редиска) секілді тағы да басқа көкөністер мен тағамға қосатын көкөністер әр отбасының дастарханынан табылады.
Балалар ауылындағы мәдени-спорттық кешенінде спорт және тренажер, акт залдары қарастырылған. Сонымен қатар, монша, ойын алаңдары бар. Әкімшілік блокта коворкинг-орталық орналасқан, онда балалар кәсіби қызметтің негіздерін түсініп, шығармашылықпен айналыса алады.
Балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаева шара барысында ауылдағы кезегін күткен мәселелер мен атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға кеңірек тоқталып өтті.
Алмас ҚАБДОЛОВ