Рухты көтерер үрдіс

Көрнекті жазушы-драматург, қоғам қайраткері Рахымжан Отарбаев газетіміз арқылы облыс басшылығына ұсыныс жариялады.  «… Кешегі кедірлі-бұдырлы заманда Түркістандағы Тайқазаннан көз жазып қалғанбыз. Араға ғасыр салып, қайтадан құтты орнына қондырдық. Оны Ресейдегі құзырлы мекемеден кері алуға Елбасыдан бастап алашшыл азаматтар түгелдей атсалысқан…» деген қаламгер «киелі қазанның көшірмесін Атыраудың сәулетті бір жеріне орналастырсақ» деп, бастама көтерген еді. Қашанда қазанды киелі санаған жұртшылық бұл ұсынысқа қолдау білдіре бастады. Редакция поштасына келіп түскен хаттардың бір тобын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Қазанда кие бар

Тайқазанның қасиеті тым тереңде жатыр. Себебі, қазақ қай уақытта да қазанын қадірлеген. Және қазан бар жерде қазақ аш болмаған.

Байлығы мол жерді қара қазанға теңеген де қазақ. Әріге кетпей, өз өңірімізді мысалға алсақ, Тайсой-ғанды да кезінде халқымыз қақпақты қара қазанға теңеген екен.

Ал, бүгінгі таңда әлемдік экономиканың күретамыры мұнай мен газ болса, сол қара алтын ғасырдан астам уақыттан бері Атыраудан өндіріліп келеді. Демек, дәл қазіргі жағдайда Атырау жерінен тайқазанның ескерткішін орнату туралы  бастаманың шығуының да символдық мәні бар. Себебі, мұнайлы астана бүгінде ел экономикасының күретамырына айналып отыр.

Демек, қазақ үшін қазан қашан да ырыстың, байлықтың, береке мен бірліктің, молшылықтың нышаны болып келді. Бұл ретте елімізге белгілі драматург Рахымжан Отарбаевтың ұсынысын толық қолдаймын. Ескерерлігі, кейде бізде ескерт-кіштер жолдың қапталына немесе бір қуысқа, тіпті айдалаға орнатылып жатады. Сондықтан, мұндай ескерткішті лайықты жерді дұрыс таңдап барып қана қоюымыз керек.

Қазанда кие бар. Оның үстіне, мұндай ерекше ескерткіштер жастардың өткенге, халқымыздың дәстүрі мен салтына, наным-сеніміне деген қызығушылығын арттырар еді. Осындай дүниелерді ұлттық тәрбиемен ұштастыруда да ұтылмауымыз керек.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, өлкетанушы, ардагер

журналист,

Атырау қаласы. Елді біріктіруші фактор

Қазақ қазанды әу бастан қасиетке балаған. Оның да өз себептері бар.

Біріншіден, ас – адамның арқауы. Ал, ауқаттың қазансыз піспейтіні белгілі. Тіпті, сонау аштық кезінде де қазанға қара суды қайнатып ішкен де өзіміздің қазағымыз еді. Екіншіден, қазан – отбасын, тұтас ауылды, рулы елді біріктіруші фактор. Кезінде ата-бабаларымыз көрші қонған  рулы ауылдардың арасындағы дауды да дастархан басында шешкен. Демек, бұл жерде де дәнекер болып қазан жүрген. Қазанды ырысқа, молшылыққа, татулыққа балаудың себебі де осында жатса керек.

Ал, тікелей ескерткіш орнату туралы ұсынысты өз басым толық қолдаймын. Тек, тиісті комиссия құрылып, ескерткіш эскизіне конкурс жариялануы керек. Және ол конкурс республикалық деңгейде болса, эскиздердің ішінен мықты деген шеберлердің жұмысын таңдап алуға мүмкіндік туар еді. Әйтпесе, ескерткіш әбден орнатылып кеткеннен кейін соңы дауға ұласатын мәселелермен кейде кездесіп жатамыз. Сондықтан, бұл жерде хас шеберлерге мүмкіндік берілуі керек.

Мақсот КАРИН, Қызылқоға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Елдікке шақырған ұсыныс

Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев ағамыздың Тайқазанның көшірме нұсқасын Атыраудың көрікті жеріне орналастыру туралы ұсынысы адамзат қоғамының жаңару кезеңінің ең бір шешуші сәтінде, дер кезінде айтылды десек, ақиқаттан алыстамаймыз.

Тарихқа үңілсек, қазан – көшпелі халықтың ең бір киелі, қасиетті заты. Әр жанұядағы тәрбие негізі. «Отан отбасынан басталады» дегендей, күні кешеге дейін ата-әжелеріміз, әке-анамыз бұл үрдісті сақтап, қара қазанға деген киелі көзқарасты қалыптастыра білді. «Елу – жылда ел жаңа» дейді халқымыз. Ендеше, өскелең ұрпақтың жадында қазақи дәстүрді сіңіру үшін осындай асыл құндылықтарымыздың мәртебесін орнықтыруымыз қажет. 

Қожа  Ахмет Яссауи мавзолейіндегі керемет құндылықтардың бірі – Әмір Темірдің пәрменімен 1399 жылы термездік шебер Әбділ Әзіз ибн Шарафуддин қолымен сирек кездесетін жеті металл қоспасынан жасаған осы үлкен тайқазан. Тайқазан кезінде жеті шырақпен ғана қайнаған деседі. Оның бүйіріне өсімдік тектес оюлар салынып, араб жазулары жазылған. Кеңес үкіметі тұсында эрмитажға әкетілген тайқазан ұзақ уақыттан соң Түркістанға қайтарылды.

Міне, әр қазақ үшін құнды жәдігердің көшірмесі Атырау қаласында орнатылса, жас ұрпақтың салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға деген ықыласына, ой-өрісінің жаңғыруына, тарихи санасының оянуына түрткі болары сөзсіз. Бұл ұсынысты қалың жұртшылықтың да қолдайтынына күмәніміз жоқ.

Болат НЫҒМЕТОВ,

Атырау мұнай және газ институтының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз