АТЫРАУЛЫҚ КҮЗЕТШІЛЕР ЕҢ ҮЗДІК
Республикалық спартакиаданың ашылуына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Избанов және Атырау облысы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қандарбек Бақтыгереев қатысып, барлық командаларға сәттілік тіледі.
Командалар жеребе тастау арқылы төрт топқа бөлініп, Атырау қаласындағы «Атырау» және «Жайық» спорт кешендерінде ойын көрсетті. Өзара тартысқа түскен 19 құрама команданың арасынан Алматы қаласы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарының мамандандырылған күзет қызметі басқармалары командасы ақтық сынға суырылып шығып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Тартысты ойынның нәтижесі бойынша Атырау облысы құрамасы жеңістің алғашқы тұғырынан көрінді. Алматылықтар екінші орынды еншіледі, ал, Ақтөбе облысы командасы үшінші орынға табан тіреді. Оралдық әріптестер «Жеңіске деген құштарлығы үшін» белгісімен марапатталды.
Жеңімпаз командалар ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының грамотасы және кубогымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Әділ төреші», «Үздік шабуылшы», «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік мерген», «Көрермендер көзайымы» аталымдары бойынша жақсы ойын көрсеткен футболшылар анықталып, оларға естелік сыйлықтар және мадақ қағаздары тарту етілді. Бұған қоса, әр облыстан келген өкілдерге Атырау облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бастығы, полиция полковнигі Сұлтан Молдашев бағалы сыйлықтар мен ынталандыру грамоталарын тапсырды.
Қайыржан ДҮЙСЕНБАЕВ,
Атырау облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бөлімше бастығы,
полиция капитаны.