Атырауды жылумен жарылқаған жан
Атырауда саналы ғұмырының 45 жылын энергетика саласына арнаған майталман маман тұрады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жылу қуат орталығындағы бу қазандықтарын жөндеу цехының аға шебері Марат Зыкеевті ұжымдастары мақтан тұтады.
Бұл туралы «Хабар 24» арнасы арнайы хабар да түсірді. Адал еңбегінің арқасында шеберлік шыңына көтерілген маман қазір шәкірт тәрбиелеп жүр. Атырау жылу қуат Орталығының аға шебері Марат Зыкеевтің жұмыс күні жылу қазандықтарды тексеруден басталады. Кәнігі маман мұндағы әр бұранданың сырын бес саусағындай жадында сақтаған. Әсіресе, 1963 жылы өңірге ең алғаш жылу мен жарық берген бірінші цех Марат үшін ерекше ыстық. Марат Зыкеев бригадасының қарамағында 11 бу қазаны бар. Орталық сағатына 474 мегаВТ электр энергиясы мен 798 гига колория жылу өндіреді. Осындай алып өндірістің ырғақты жұмысы Марат сынды бесаспап мамандардің міндеті.
— Марат ағамыз өте тәжірибелі маман. Көп жылдан бері осы салада жұмыс істейді. Негізгі жұмысы қазандықты күрделі жөндеуден өткізу, соған атсалысып жүрген азамат. Зейнеткерлікке шыққан ағамыз жұмысын жетік біледі, жастарды үйретіп жатыр, — дейді орталықтандырылған жөндеу цехының басшысы Асқар Жолмағамбетов. Бүгінде Атырау Жылу Қуат орталығында 1200 ден астам адам еңбек етсе, оның 50 пайыздан астамын жастар құрайды. Жас мамандар осы арадан Марат Зыкеев секілді тәлімгерлерден үйреніп, тәжірибелерін толықтырып жүр. — Марат ағамыз өте жақсы кісі. Жұмыста беделді, оқығаны мол, көп нәрсені біледі. Марат ағамыздай білімді адамдар ауадай қажет. Тәжірибесі мол, үйретері көп, — дейді шебердің шәкірті Бекжан Есенов.
Бүгінде алпыстың асқарына көтерілген ардагер энергетик саналы ғұмырының 45 жылын осы салаға арнаған. Ал соңғы 22 жыл бойы Атырау облысын жылумен, электр қуатымен қамтамасыз етуге үлесін қосып жүр. Аға шебер Марат Зыкеев жетекшілік ететін жөндеушілер бригадасы қазір құрылғыларды қысқа дайындау үстінде.