БАЛАНЫ ЖОЛДА ҚАЛДЫРДЫ

Жаңа жылдан бастап, жолаушы тасымалының құны 50-ден 80 теңгеге көтерілді. Бірақ, одан жо-лаушы тасымалы жақсарып кетті деу қиын. Әсіресе, мектеп оқушылары бұдан көбірек «таяқ жеуде». Біз Құрсай ауылында тұрамыз. Менің қаладағы №6 орта мектепте оқитын қызым Құрсайдағы «Қасым» дүкені аялдамасынан сабаққа бару үшін №5 бағытта қатынайтын «Газель» көлігімен «Сельстройдағы» мектебіне барып қалатын еді.

 

Қаңтардың 11-і күні сағат түскі бірден екіге дейін бұл «Газельдің» үшеуі   «Қасым» дүкені аялдамасына тоқтамастан өте шыққан. Қызым мектептегі сабағынан қалып қойып, үйге келді. Сонда мектепте оқитын балалар жолаушылар тасымалдайтын көлікке міну құқығынан айырылған ба?

Осы мәселені Атырау қалалық жолаушылар тасымалы бөліміне айтып, арызымды жазып та кеткенмін. Ондағылар «жауабын 15 күннен кейін білесіз» деп шығарып салды. Сонда қалалық мәслихат депутаттарының өз сессияларында «мектеп оқушылары оқу кезінде қала автобустарында тегін тасымалданады» деген шешімінің бос сөз болғаны ма? Әлде тегін жүретін оқушы балаларды тасымалдайтын бөлек маршрут бар ма?  Бұған тиісті құзырлы органдар не дейді? Жауабын газет арқылы білгім келеді.

Эльмира ӘБІЛҚАЙЫРОВА,

Құрсай ауылының тұрғыны,

Атырау қаласы.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз