«АТЫРАУДЫҢ» ЖАРТЫСЫ – АТЫРАУЛЫҚТАР
«Атырау» футбол клубының директоры Асылбек Жүнтербаевтың хабарлауынша, өткен жылғы маусымдағы құрамнан оқу-жаттығу жиындарына тек қана алты ойыншы қатысады. Олар – Владимир Аржанов, Владислав Кузьмин, жергілікті тәрбиеленуші, қорғаушы Валентин Чуреев, Жасур Нарзикулов, Руслан Эсатов және Абдулай Диакате. Есімдері аталған ойыншыларды клуб басшылығы келер маусымда «Атыраудың» жейдесінде көргісі келеді. Ойыншылар да бұл ұсынысты қабыл алып, жиын кезінде келісімнің шарттарын талқыламақшы. Ал, өткен маусымда мұнайлы өлкенің намысын қорғаған қақпашы Илья Байтеряков, қорғаушылар Майкл Одибе, Антон Григорьев, Антон Чичулин, жартылай қорғаушылар Константин Заречный, Мақсат Байжанов және шабуылшылар Иван Иванович пен Мұрат Тілешевтер командадан кетті.
Сонымен қатар, клуб директорының мәлімдеуінше, алғашқы оқу-жаттығу жиынына қосалқы құрамнан жергілікті он жас ойыншы шақырылған.
Алғашқы оқу-жаттығу жиыны 28 қаңтарға дейін жалғасады. Жалпы алғанда, дайындыққа 25 ойыншы қатысады деп күтілуде. Бапкерлік құрам алты жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.