Жарнама
Қоғам

«АТЫРАУДЫҢ» МАҚСАТЫ – АЛТЫЛЫҚҚА ЕНУ

«Атырау» футбол клубының баспасөз хатшысы Нұркен Мырзағалиевтың айтуынша, команда құрамы сексен пайызға өзгерген.  Өткен жылы облыс намысын қорғаған ойыншылар ішінде қақпашылар Андрей Шабанов, Нұрболат Қалменов, қорғаушылар Валентин Чуреев (команда капитаны),  Ринат Абдуллин, жартылай қорғаушылар Алексей Шакин, Георгий Пейкришвили, шабуылшылар Алексей Щеткин мен Айбар Нұрыбековтер биылғы маусымда да алаңға «Атыраудың» жейдесін киіп шығады.

        

Командада кімдер бар?

Өткен жылдың соңында белоруссиялық маман Анатолий Юревич «Атырау» футбол клубының бас бапкері қызметіне кіріскені белгілі. Ол негізгі және қосалқы құрамдардың, футбол орталығының жаттығу үдерісіне басшылық жасаса, Владимир Белявский негізгі құрамды жаттықтыратын болады. Сондай-ақ, жергілікті 26 жастағы Қуаныш Қабдулов та жаттықтырушылар қатарына қосылды. Айта кетсек, Қуаныш жаттықтырған «Атырау» — 1999» командасы былтыр жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанған болатын.

— «Атырау» футбол клубының алғашқы оқу-жаттығу жиындары желтоқсан айында өңірімізде өтті. Ал, екінші оқу-жаттығу жиындары Түркия елінде өтуде, — дейді Нұркен Мырзағалиев. — Қазір алты ойыншымен келісім-шарт жасақталды. Олардың қатарында қорғаушылар Майкл Одибе, Кирилл Пасичник, жартылай қорғаушылар Ги Эссаме, Савио Нсереко, Филипп Рудик, Андрей Карповичтер бар. Майкл Одибе – нигериялық «Ферст Банк» клубының тәрбиеленушісі. Бұған қоса, бельгиялық «Юнион», итальяндық  «Сиена» мен «Sudtirol FC»  және украиндық «Арсенал» (Киев), «Днепр» командалары сапында ойнаған.

«Днепрдың» құрамында Майкл Еуропа Лигасының топтық кезеңінде төрт матчқа қатысты. Ал, Қазақстанға келмес бұрын Ги Эссаме парагвайлық «Спортиво Лукеньо», португалиялық  «Боавишта», ресейлік «Терек» және «Нижний Новгород», белоруссиялық  «Неман» командалары құрамында өнер көрсетті. Кирилл Пасичник өткен маусымда елордалық «Астана» командасының намысын қорғап, ел чемпионатының күміс жүлдегері атанған еді. Сонымен қатар, биыл «Атыраудың» құрамын толықтырған белоруссиялық Филипп Рудик «Нафтан», «БАТЭ», «Гомель» командалары сапында ойнады.

Ал, Андрей Карпович өткен маусымда шымкенттік «Ордабасының» құрамында қарсыластар қақпасын екі рет бағындырған еді. Бұған қоса, «Елімай» (Семей қ.), «Ертіс» (Павлодар қ.), «Ростсельмаш» (Ресей), «Динамо» (Ресей), «Қайрат» (Алматы қ.), «Локомотив» (Астана қ.) және «Ақтөбе» (Ақтөбе қ.) футбол командалары тарихында Андрей Пасичниктің ізі бар. Екі рет ел чемпионы атанған Андрей Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында 52 ойын өткізіп, үш рет гол авторы атанды.

«Атырау» футбол клубымен келісімге келген жартылай қорғаушы Савио Нсереко итальяндық «Брешия» клубы құрамында ойнап жүріп, Германияның жасөспірімдер құрамасына ауысып, чемпион болды. Кейін англиялық «Вест Хэм Юнайтед», итальяндық «Фиорентину»,  «Болонью», «Мюнхен-1860», «Юве Стабия», болгариялық «Черноморец» румыниялық «Васлуй» командаларында ойнады. Сондай-ақ, бірінші лигадағы ақтаулық «Каспий» командасы құрамында ойнаған Азамат Ізбасаров пен «Атыраудың» қосалқы құрамындағы Асылбек Сейітқалиев жаңа маусымда негізгі құрамға ілігеді.

Алғашқы кездесу нәтижесі тең

Түркияда өтіп жатқан маусымалды оқу-жаттығу жиындарында «Атырау» жергілікті «Бартинспор» командасымен кездесіп, ойын тең дәрежеде аяқталды. Есеп: 0:0. Бұл ойында команда жаттықтырушылары іріктеуде жүрген ойыншыларды қарастырды. Клубтың баспасөз хатшысының айтуынша, бұл жолдастық кездесудің де басты мақсаты жеңіске жету емес, жаңадан келіп жатқан ойыншылардың деңгейін бақылау еді. Айта кетсек, қазір Ресей, Синегал, Голландия, Қазақстаннан келген 30-35 шақты жаңа ойыншылардың кәсіби деңгейлері қаралуда.

Клуб басшылығының жоспарлауынша, команда маусымға дейін әлі екі оқу-жаттығу жиынын өткізбек. Сонымен қатар, ақпан айында Түркияда өтетін турнирге қатысып, тәжірибе жинақтамақшы.

«Атыраудан» кеткен футболшылар да кәсіби мансаптарын әрі қарай жалғастыру мақсатында өзге командалар құрамына іріктелуде. Бір өкініштісі, Атырау футболының тәрбиеленушілері, жергілікті ойыншылар Бейбіт Тәтішев пен Денис Родионов алдағы маусымда бізде ойнамайды.

— Бейбіт пен Денисті ешкім қуған жоқ, керісінше, оларды алып қалуды көздегенбіз. Алайда, олар өз еріктерімен шешім қабылдады. Біз бұған қарсы тұра алмаймыз. Қазір олар талдықорғандық «Жетісудың» құрамында өз мүмкіндіктерін көрсетуде, — дейді Н.Мырзағалиев.

Сондай-ақ, қақпашы Сергей Бойченко және қорғаушылар Максим Самченко мен Сергей Куцов семейлік клубтың, Йован Голич «Тараздың», қақпашы Владимир Плотников «Қайсардың» құрамында іріктеуде жүр.

Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғандай, «Атырау» биылғы маусымда алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Соның ең бастысы — үздік алтылық қатарына ену. Үлкен табыстарға қол жеткізу, әлбетте, ең алдымен, ойыншылардың жігеріне, шеберліктерін шыңдауына байланысты. Командаға облыс басшылары тарапынан қолдау бар. Сондықтан, «Атыраудың» жеңісті күндері көп боларына сенім мол. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button