АТЫРАУДЫҢ БҰЛБҰЛЫ
Он жылдық мектепті жақсы бітірген өнерпаз қыз Махамбет аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып еңбек жолын бастады. Бұл – 1975 жыл еді. Болашақ әншінің жатса-тұрса көз алдынан ару Алматы, Алатаудың қар басқан шыңдары кетпей қойды. 1978 жылы Алматы республикалық эстрада өнер студиясын Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың класынан бітіріп шықты.
Жолдамамен Талдықорған облыстық филармониясына әнші болып орналасты. Жаны сүйген жұмысын жасай жүріп, 1979 жылы Талдықорған педагогикалық институтына түседі. Оны 1983 жылы үздік бітіріп, жоғары білім алды. Талдықорған облыстық филармониясында 1998 жылға дейін әнші болып қызмет жасады. Осы жылдар әншінің бақ жұлдызы да жарқырап жанған шақ болды. «Ақын Сараға, ару Сараға кім лайық?» байқауының жеңімпазы болған Гүлмайдан драма театры сахнасында тұңғыш рет Сара образын сомдады.
«Әнші Майра, сұлу Майра, композитор Майра» байқауына қатысып, 1991 жылы бас жүлдені қанжығасына байлады. Майра әндерінің тылсым тереңіне бойлап, Майра өмірінің ел-жұртқа белгісіз қырларын танытты. Оның орындауындағы «Майраның әні» шын мәнінде нағыз гауһарға, ән өнеріндегі шедеврге айналды.
Қазақтың ән өнерін насихаттап Франция, ГДР, Болгария, Испания, Қытай, Мысыр, Түркия мемлекеттерінде болды.
«Жамбылдың жастық шағы» көркем фильмі түсірілген шақ, 1996 жыл. Бірнеше жүздеген арудың ішінен таңдап алынған Гүлмайдан жыр алыбы Жамбыл ғашық болатын Бұрым қыз рөлінің барлық айтысы мен әнінің дауысын жазған.
Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясына әнші болып жұмысқа қабылданған кезі. Осы жылы 2-ші республикалық Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың жүлдегері атанды.
Гүлмайдан – әнші, актриса ғана емес, ол талантты композитор. Халықтың көңілінен шыққан бірнеше әндердің авторы. «Ауылыңа бір келгенде», «Құдіретті үн», «Ақмаңдай әжем», «Айша бибі», «Астанам», «Аққыстауым», «Нарыным», «Менің елім», «Атырауым-мекенім», «Немерем» сияқты көпшіліктің көңілінен шыққан әндері бар. Оларды жергілікті әншілерден бастап, республикаға аты танымал әншілер де орындап жүр.
Атырау жеріне табан тірегеннен кейінгі уақыт шығармашылық ізденіс үстінде өткені айқын. Оның дәлелі – 2003 жылы өткен «Махамбет бабам рухында» атты концерттік бағдарламасы. Дәл осы жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы аясында өткен бұл шара жұртшылық көңілінен шыққаны анық. Бұл кешті Ұлттық арна толықтай түсіріп, көгілдір экранда көрерменге ұсынды. Ал, «Қыздарға әсемдік жарасады» атты концерті 8 наурыз, Халықаралық әйелдер күніне орай жоспарланған болатын. Осы жылы Самархандта өткен Халықаралық байқауда бағын сынап, дипломант атанды. Бұл да – туған жердің мәртебесін өсіріп, мерейін тасытты.
Ұстаз есімі ұмытылмай, шәкірт жүрегінде мәңгілік сақталуының өзі – тектіліктің белгісі. Өмірінде айшықты із қалдырған, өзін өнер өріне ұмтылдырып, қыранның тастүлегіндей баулыған ұстазы Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдығына арнап «Мәңгілік өнер шіркін, өзің де мәңгіліксің…» атты ән кешін өткізуі – шәкірт парызының өтелгені.
Өнер адамы әрқашан да ізденіс үстінде. Үнемі тың идея, жаңа ән, тосын әуен іздейді ол. Нарын құмын сусылдата кешіп, Ақ Жайықтың толқындарымен сырласып, жүрегінен буырқанған ән толғатады.
Әндер мен клиптер жинағы және «Ақ кербез» атты әнші туралы дастан кітап жарыққа шыққан болатын. Бұл да оған деген елдің ықыласынан хабар береді емес пе?! Жақында тағы бір қуанышты хабар естілді. Жезтаңдай әнші Гүлмайдан Сүндетова Исатай ауданының Құрметті азаматы атағын алған екен. Осының өзі – оның өнеріне берген халықтың бағасы. Ән құсыңыз биікке өрлесін, Атыраудың бұлбұлы!
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.