АТЫРАУДЫҢ АБЫЗЫ

Оңайбай Көшековті мен өзімнің студенттік кездерімнен бері білемін. Себебі, менің бес жыл тұрған үйім Оңекеңнің құдасы Арыстанғалимен бір шарбақта болды. Жанұяларымызбен сол құдасының үйінде анда-санда болса да дастархандас болып тұрдық. Сол кезде қалалық партия комитетінде қызмет жасайтын Оңайбай Көшеков мен үшін үлкен тұлға болып көрінсе де, оның бойында қарапайымдылық қасиеті басым болатын. 

 

ҚАРЛЫҒАШ ҚАДАМ

Төрт жылдық жоғары партия мектебін бітіріп келгеннен кейін бұрын ауыл шаруашылығында мал бағып еңбек еткені, соған қарамай қалалық партия комитетінде өнімді жұмыс жасағаны ескерілсе керек, ол сол кездегі Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің аппаратына қызметке алынды. Көп кешікпестен облысымыздағы соғыс замандарынан бері келе жатқан байырғы, тікелей Мәскеуге бағынып келген «Бақсай» кеңшарына директор етіп жіберілді.

1960 жылы институтты бітіргеннен кейін мен сол Таңдай селосындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарған болатынмын. Ол ауылдың интеллигенциясымен, азаматтарымен таныс, кейбіреуімен жолдас болып та кеттік. Күні бүгінге дейін байланысып тұрамыз. Оңайбай ағамыздың сол кеңшар тұрғындарына, еңбекшілеріне жасаған жаңалық, жақсылықтарын олар әлі ұмыта қойған жоқ.

Партия мектебінде алған білімі мен жинақтаған өмір тәжірибесі арқылы ол бірден облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, көп кешікпей ең алыс, ауа райы жағынан қолайсыз және бүгінгі бүкіл Маңғыстау облысын құрайтын сол кездегі Маңғыстау аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жұмсалады. Осындай жер аумағы ұлан-ғайыр, экономикалық және әлеуметтік жағдайы өте ауыр бірнеше ұсақ ұжымшарлардан құрылған ауданды басқару жұмысында Оңекеңнің табыссыз болмағандығының, түбегейлі өзгерістер жасағандығының дәлелі – оның бірден Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы лауазымына сайланғандығы. Сол жылдары облыстық партия комитетінің партиялық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің нұсқаушысы ретінде Маңғыстау ауданында түрлі іссапарлармен болуға тура келгені бар. Содан білетінім, басқаны айтпағанда, ұсақ ұжымшарларды кеңшарлар деңгейіне айналдыру, аудан орталығын Таушық селосынан теміржол торабы бойындағы Шетпе бекетіне көшіріп, аудандық мекемелер мен оның қызметкерлерін қоныстандырып, жайғастыру жұмыстарының өзі ауданның бірінші басшысының тегеурінді және білікті ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесі екендігі сөзсіз.

 

ТУҒАН ЕЛДІҢ ПЕРЗЕНТІ

Оңайбай Көшекұлы – он бес жылдан астам облысымыздың бірінші басшылығы (облатком төрағасы, обкомның бірінші хатшысы) қызметтерін абыроймен атқарған азамат. Оған дәлел – ол 60 жасқа шыққанда омырауына сол кезеңдегі ең жоғарғы марапат Ленин орденін тақты.

Осы биік лауазым жұмыстарында облысымыздың ілгері дамуына Оңекеңнің іскерлік қабілеттерінен басқа жоғары адамгершілік қасиеттерінің де пайдасы зор болды. Мәселен, КСРО Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының төрағасы – Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Н.К.Байбаковпен, СОКП Орталық комитетінің хатшысы Б.Н.Пономаревпен, республикамыздың бірінші басшысы Д.А.Қонаевпен, сол сияқты бірнеше одақтық министрлермен жақсы қарым-қатынаста болғандығы облыс проблемаларын шешу ісін тездетуге үлкен септіктерін тигізді деп есептеймін.

Оңекең елінің өркендеуіне аянбай еңбек етті. Ол Мәскеу не Алматы қалаларынан жайлы пәтер алатын заңды мүмкіндігі бола тұра, өзгелердей ешқайда қоныс аударған жоқ. Өз туған топырағында қалды. Осы қасиетімен де ол елге сыйлы. Өмірден ертерек өткен інісі Аязбай мен өзінен өрген ұрпақтары мол мүмкіндіктері бола тұрса да Америкаға, не Англияға кеткен жоқ, өз аймағымызда халық қатарлы еңбек етіп, ұрпақ өсіруде.

Зейнеткерлікке шықса да, ол қоғамдық жұмыстан шет қалған жоқ. Облыстық ардагерлер кеңесінің, оның төралқасының мүшелігіне сайланып отырды. Және тек қатардағы мүше сияқты емес, облыстық ардагерлер кеңесінің 20 жылдығына арналған Пленумда өзі баяндама жасағанын білемін.

Мен білетін Оңекеңнің бір қасиеті – халқымыздың өткен замандардағы билері сияқты түрлі жиналыстарда, кеңестерде, тіпті дастархан басында да көп кездесе бермейтін мақал-мәтелдерді ұтымды пайдаланып отыратын. Сондықтан да, оның айтқан билік сөзі әрқашан тыңдаушылар, орындаушылар тарапынан қолдау тапты.

Бірер мысал. Сол кезде қаламызда «Зеленстрой» тресі, сыра зауыты, кейбір кәсіптік-техникалық училищелердің жағдайлары жылдар бойы оңға баспай тұрды. Осыларға әр кезде бірінші басшылыққа А.Сапаров дейтін азамат жұмсалып отырған еді. Оны обком бюросында кезекті бір бекіту үстінде «бұл біздің Жуковымыз болып тұр ғой» деп атаған болатын. Сол сөзі Сапаровты білетін кісілерге тарап та кетті. 

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСТЕЛІКТЕР

Оңекең обкомға бірінші хатшы болып келгеннен кейін көп кешікпей мені Индер ауданына екінші хатшылыққа жұмсады. Өзінің ойларын айтып, кейбір өзгеге айтылмайтын тапсырмаларын беретін.

Сол кездерде біздің аудан жағдайындағы ең ірі көкейкесті мәселелерді шешумен Оңекең өзі айналысты. Мәселен, обкомның бірінші хатшысының араласуы арқасында Индер ауданына Д.А.Қонаевтың жұмыс сапарымен тікелей келуі ұйымдастырылды. Ондағы мақсат – Индердің қазба байлықтарын тездетіп игеруге Мақаттан темір жол салдыру мәселесі еді. Солай болды да. Индерде қандай, қанша жерасты байлығы бар екендігіне көзі жеткесін Димекең кетерінде «Біз бұл жолды бәрібір саламыз» деп еді. Айтқанындай, КСРО Қатынас Жолдары министрлігі кезіндегі бесжылдықтардың бірінің дерективаларында бола тұрса да, қажетті қаржыны мезгілінде бөлмеді. Соған қарамастан, Димекең мен Оңекеңнің күшімен Мақат–Индер темір жолы бас-аяғы төрт-бес жыл ішінде өз республикамыздың Автомобиль жолдары министрлігінің қаржысына салынып бітті. Тайсойған мен Есболдың кең даласын паровоз гудогі жаңғырықтырды.

Бірде белгілі академик Нәдір Нәдіров Оңайбай Көшеков туралы кітап жазып, оның бірнеше данасын Оңекеңе жібереді. Алайда, Оңекең «Мен бұл кітапқа ақша төлегенім жоқ» деп тегін затты алмайтынын айтып, ол кітаптарды маған берді. Содан «Оңайбай Көшеков» деп аталатын кітаптарды ардагерлерге таратқаным бар. Бұл жерден кез-келген адамның бойынан табыла бермейтін ең асыл қасиеттің бірі – азаматтың адалдығын, мөлдірлігін, тазалығын аңғарамыз.

Оңекеңнің мақалдары дегеннен шығады: Индер аудандық халықтық бақылау комитетінің жұмысын обкомның бюросында тыңдау үстінде өзінің қатаң талаптарын қоя отырып, «ұрысқаннан өлген кісінің моласы жоқ» дегені де әлі күнге дейін менің есімде.

Бірінде обкомның бірінші хатшысының «Чайкасымен» Индерден Гурьевке келгенше ішіндегі азаматтармен Оңекеңнің айтқан әзілдері мен әңгімелеріндегі мақал-мәтелдерін қойын дәптерге жазып алып та едім. Серпер сөздің серпіні бүгінде келмеске кеткенімен, сөзінен қаршығаның қанаты, жайсаң тілдің жаннаты көрінетін, баян сөзі бабында, түгел сөзі бағында болып, ол халқының жүрегінде мәңгіге қалды.

Қатимолла РИЗУАНОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,  «Құрмет» орденінің иегері, Атырау облысының, Индер, Исатай аудандарының Құрметті азаматы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз