Жарнама
Қоғам

Атыраудағы балалар үйінің түлектері баспанасыз жүр

Атырау облысында баспана кезегінде тұрған 20 мыңнан астам тұрғынның 1174-і – балалар үйінің түлегі.

Балалар баспанамен қамтылуы тиіс болғанымен, үйсіз жүргендер жетерлік. Мәселен, алақандай Атыраудың өзінде соңғы жылдары балалар үйінің түлектеріне баспана берілмеген. Енді олардың пәтер жалдаудан басқа амалы жоқ. Жергілікті атқамінерлер мұның себебін өңірде бос үйдің жоқтығымен түсіндіреді. Балалар үйінде тәрбиеленген Арман Сәрсенғали он жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр. Әйтсе де, әкімдіктегі мамандар оған күтуден басқа амал жоқтығын айтыпты.

– «Біз мемлекет қамқорлығындағы жандар болғандықтан бір жеңілдігі болар деп келешекке үмітпен қараймыз ғой. Бірақ, осылай жүргенде уақыт та зымырап өте шықты. Бар тапқан табысымды пәтер жалдауға жұмсадым. Енді оған да қазір төлейтін қаражат қалмады. Ер азамат болған соң мемлекетке алақан жайғым келмейді. Банктен несиеге алған ақшам азық-түлікке ғана жетеді. Үйсіз-күйсіз қаңғып жүргеніме біраз жыл болды» дейді ол.

Атырау қалалық әкімдігінен білгеніміздей, алдағы уақытта жалға берілетін үйлерді көбейту мәселесі қарастырылып жатыр екен. Яғни, баспанасыз жүрген балалар үйінің түлектері жеңілдікпен үй жалдай алады деген сөз.

– Жалпы, өңірде пәтер саны аз болғандықтан оларды көбейту жөнінде жоғары органдарға ұсыныс жолдадық. Бұл мәселе қазір қаралып жатыр. Ал, жергілікті әкімдік тарапынан жалға берілетін пәтер санын көбейтуді көздеп отырмыз. Әзірге осы екі бағытта жұмыстар жүргізілуде. Көп кешікпей нәтижесін беріп қалар, — деп сендірді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button