Жарнама
Қоғам

Атырауда жыл басынан бері жол-көлік апатынан 54 адам қаза тапты

Биыл шілде айының алғашқы аптасында облыс бойынша 12 адам жол апатынан қаза тапты. Ел аман, жұрт тынышта осынша адамның ажал құшуы қоғамды ойландыратыны анық. Шынтуайтында, бұған құқықтық сананың төмендігі де өзіндік әсерін тигізіп отыр.

Осыған орай біз Атырау облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевқа жолығып, ахуал жөнінде әңгімеге тартқан едік.

f5e93082 a75b 4f4f 8986 26955a4bef0a

– Ерлан Валерийұлы, ажал айтып келмейді. Әрине, біреудің өмірі судан, екіншінің ғұмыры оттан үзіліп жатады. Дегенмен айдың-күннің аманында жол бойында осынша апаттың орын алуына не себеп?

– Жыл басынан бергі алты айда Атырау облысында 155 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, одан 54 адам қаза тауып, 202 адам әртүрлі дене жарақаттарын алып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда, жол-көлік оқиғасы тұрақты. Алайда қаза тапқандар 35%-ға көбейген. Өйткені былтыр 40 адам мерт болса, қазір алты айда 54 адам көлік апатынан көз жұмды. Ал, былтырғы 189 адамның орнына биылғы жарты жылда 202 адам жарақат алған, яғни 6,9%-ға өскен.

Біз жылда болып жатқан жол-көлік оқиғасын зерделейміз. Сонда анықталғаны – қазір жол апатының 80%-дайы республикалық маңызы бар жолдарда болып жатыр. Тексеру кезінде автокөліктер қатты жылдамдықпен жүретіні анықталып отыр. Сосын көлік жолының тарлығынан, қарсы бағытқа шыққан жүргізушілер алдындағы көлікті басып озбақ болып, қарсы келе жатқан көлікке соқтығысады. Үшінші фактор – бұрылыстарда, әсіресе республикалық маңызы бар жолдарда көбінесе жүргізуші рульге ие бола алмай, автокөлік өз екпінімен аударылып қалады.

– Оны жүргізушілердің тәжірибесіздігі деп айтуға бола ма? Сондай-ақ автобус жүргізушілеріне талапты қалай  күшейте аламыз?

– Бұл мәселе біздің қызметтің құзырына кірмейді. Талапкер әуелі автомектепте оқып, емтиханға өзінің рұқсат қағазын алады. Арнаулы ХҚКО-дан емтихан тапсырып, сол жерден әртүрлі көлік жүргізу категорияларды алады.

– Ол жерде еңбек өтілі есептеле ме?

– Нақты қойылған талап жоқ. Жеңіл автокөлік жүргізуге категориясы болуы керек, содан кейін ғана D категориясын ала алады. Бұл жөнінде республика Ішкі істер министрлігіне көптеген ұсыныстар берілді. Нақты жас шамасын көрсетіп немесе еңбек өтіліне қатысты қосымша өзгерістер енгізу жөнінде нақты дәлелдермен ұсыныстар бердік. Шынында, бұл қазір өзекті мәселе. Соған байланысты өзгерісті біз де күтіп отырмыз.

– Таяуда ғана Атырау қаласындағы Баймұханов көшесінің бойында 4 көлік соқтығысты. Ішінде автобус та бар. Осы жерде манағы айтқан тәжірибенің кемшіндігі болуы мүмкін бе?

– Біз бұл оқиғаны зерделеп шықтық. Автобус өзінің жолымен келе жатқан. Ол көшедегі бейнебақылау камерасында да бар. Қатты жылдамдықпен келе жатқан «Huyndai» автокөлігінің жүргізушісі рульді игере алмай, сол жақ бұрылыстан тіке автобусқа барып соғылды. Бұл – жеңіл автокөлік жүргізушісінің қателігі.

– Тәртіп сақшыларының материалдық-техникалық базасына тоқталсаңыз. Бейнебақылау камераларын қою, көлік, басқа да қажетті құрылғылар жеткілікті ме?

– Атырау қаласынан республикалық маңыздағы 4 автокөлік жолы өтеді. Оның біріншісі – Атырау–Бейнеу күре жолы. Екіншісі – Атырау–Сағыз жолы. Үшіншісі – Атырау–Индер. Төртіншісі – Атырау–Астрахан автомагистралі.

Облыс бойынша күніне 40-қа жуық автоэкипаж таңертеңгі сағат 7.00-ден 19.00 сағатқа дейін және 19.00 сағаттан таңғы сағат 7.00-ге дейін екі ауысыммен жұмыс істейді. Оның құрамында 80-100-ге жуық адам қызмет атқарады. Барлығы автокөлік, бейнетіркеу құралы, автокөліктің жылдамдығын өлшейтін радар, рация, планшетпен жеткілікті қамтылған.

Қазір хаттамалар қағазбен емес, планшетпен толтырылады. Азаматтың жеке сәйкестендіру номерін тіркеу арқылы жеке басын анықтап, қандай құқық бұзушылық жасағанын да анықтауға болады.

– Атырау қаласы бойынша материалдық-техникалық базамен толық қамтылды ма?

– Облыс орталығында 2016 жылы 759 бейнекамера, 2 мыңнан астам «Сергек» бейнекамерасы орнатылған. Әрине, бұлар өз жұмысын мүлтіксіз атқарып келеді, бірақ бұл әлі де жеткіліксіз деп ойлаймын. Өйткені қаланың аумағы күннен күнге өсіп бара жатыр. Соған байланысты, біз қай жерлерге қосымша бейнекамералар орнатылатыны жөнінде «Жол картасын» жасадық. Жылдың аяғы немесе келесі жылы жаңа шағынаудандар бейнебақылау камераларымен қамтылуы тиіс.

Бұған дейін республикалық маңызы бар жолдарда бірде-бір бақылау камерасы жоқ еді. Жуырда ғана облыс әкімі Серік Шәпкеновке ұсыныс жасап, Атыраудан Қарабатанға дейін 7 «Сергек» камерасын қондырдық. Себебі, бұл бағытта жарықтандыру желісі жүргізілген. Одан басқа 400-ге жуық нүкте белгіленген. Республикалық маңызы бар жолдарға «Сергек» камераларын келесі жылы орнату жоспарланып отыр.

– Жол апатының жиілеуі қоғамды алаңдатып, оған облыс басшысының өзі араласуға мәжбүр болды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов Сіздермен кездескенде, қандай проблемаларды көтердіңіздер?

– Иә, 20 маусым күні облыс әкімінің қатысуымен салааралық профилактикалық мәжіліс өтті. Онда бірінші жол қауіпсіздігі бойынша мәселе қаралып, Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев баяндама жасады. Көлік апатын азайту мақсатында берілген қосымша ұсыныстарды облыс әкімі Серік Шәпкенов шұғыл шешуге уәде берді.

– Жалпы сіздерде маманмен қамту мәселесі қалай шешілген?

– Қазір органда 700-ге жуық қызметкер бар. Әлі 30-ға тарта штат бірлігі бос тұр.

Соңғы жылдары полиция қызметкерлерінің жалақысы көтеріліп, пәтер жалдау үшін жалақыдан тыс ақша төленіп келеді. Егер өз атында үйі жоқ болса, баспана алу үшін өзіне және әрбір отбасы мүшесіне екінші деңгейлі Банктегі есепшотына ақша аударылып отыр.

– Полиция қызметкері болу үшін қойылатын талап қандай?

– Әскерден келген азаматтар бірінші кезекте қабылданады. Өйткені олар арнайы дайындықтан өткен дайын мамандар. Егер жоғары білімі болмаса, сержанттар құрамына құжат тапсыра алады. Жоғары немесе арнаулы орта оқу орнын бітіргендігі жөнінде дипломы болса және заңгерлік мамандығы бар азаматтар қайта даярлықтан өтеді. Олар Ақтөбе қаласындағы полиция мектебінен екі айлық курстан білімін жетілдіреді. Оны бітірген соң әскери шенін алып, жұмысқа кіріседі.

– Көлік жүргізушілерінің кәсіби дайындығына қайта оралайық. 1990 жылға дейін алты айлық курстар болды. Себебі ол кезде автомектептер де санаулы. Қазір саны көбейгенмен, сапасы көңілдегідей емес. Неге?

– Талапкерлер, яғни болашақ жүргізушілер толықтай медициналық тексеруден өтуі тиіс. Комиссия келісім берген жағдайда құжаттарын жинақтап, автомектепте оқиды. Ескеретін жайт – автомектептердің ішкі істер органдарымен ешқандай тәуелділігі жоқ.

– Емтиханға ішкі істер органдарынан өкілдер қатыса ма? Жүргізуші куәлігінің кімге беріліп жатқаны қалай зерделенеді?

– Иә, Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы арнайы ХҚКО-мен бірлесіп жұмыс істейді. Куәлік алушының талапқа сәйкестігі сол жерде тексеріледі.

– Қазір қоғамда такси қызметін атқаратын жекеменшік көлік иелеріне наразылық көп. Шынында да, олар жылдамдықты шектен тыс асырып, жол ережесін сақтамайды. Тиісті жазасын алғанымен, одан апат азаймай отыр. Енді қандай амал бар?

– Бұл өте күрделі мәселеге айналып барады. Өз тарапымыздан облыс әкімдігіне тәртіп сақшыларының көліктерін көбейту жөнінде ұсынысымызды бердік. Өйткені бұрынғы автокөліктер талапқа сай емес, оның үстіне ескірді.

Екінші мәселе – Маңғыстау, Жетісу облыстары мен Алматы қаласынан алынған жақсы қондырғылар бар. Қызметкерлер оны жолға қойып, өзі жылдамдық пен автокөлікті анықтайды да, Әкімшілік полиция басқармасының Әкімшілік-құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне (ЕРАП) базасына автоматты түрде түседі. Оны өзгерту немесе түзетіп, кетіру мүмкін емес. Осы құрылғыны облысқа алу жөнінде жергілікті атқарушы органға ұсыныс жасалды. Сосын жылдамдық өлшегіш бағаналар қолданылады. Ол ешқандай ток көзіне тәуелді емес, аккумулятор арқылы күн көзімен қуатталады. Егер жүргізуші жылдамдықты асырса, нәтижесі бірден орталық базаға түскен соң автоматты түрде құқық бұзушының мекенжайына жіберіледі.

Басқа облыстарда «КИБЕРШЕРИФ» атты арнайы құрал бар. Ерекшелігі – қазіргідей жол бойында полиция қызметкері жүріп бара жатқан көлікті қуып тоқтатпайды. Қарсы келе жатқан автомашинаның жылдамдығын 300-500 метр қашықтықтан анықтап, арнайы орталыққа жібереді. Құқық бұзушылықтың алдын алу үшін бұл да Атырау облысы сияқты ірі индустриялық-логистикалық аймаққа аса қажет.

– Ресми мәлімет бойынша жыл басынан бері облыста 12 мың адам жылдамдықты асырған. Оларға шараны қатайтуға бола ма?

– Бұрын құқық бұзушылық қайталанса, жүргізуші қайтадан емтихан тапсыратын. Қазір жүргізуші айына оншақты рет құқық бұзса да, ондай талап жоқ. Республика Ішкі істер министрлігінің бұл актісінің қолданысқа енгеніне бес-алты жылдай болды.

Алайда бұған өзгеріс енгізетін уақыт жетті. Себебі заманның талабы өзгерді. Меніңше, бір жылдың ішінде үш рет құқық бұзса, жүргізушілік құқығынан айыру керек. Сонда өзгелерге сабақ болады деп ойлаймын.

Бізде ең қатаң құқық бұзушылық – мас күйінде көлік жүргізу. Облыс аумағында биыл алғашқы алты айда 600-ден астам жүргізуші ішімдік ішкен күйінде ұсталған. Ал оларға қатысты заң талабы қатал. Бірінші рет анықталса, жүргізуші 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 5 тәулік абақтыға қамалады. Егер сол жеті жылда куәліксіз көлік жүргізсе, қылмыстық іс қозғалып, бас бостандығынан айырылады.

Ақ түсті қос жолақты басып өту, қарсы бағытқа шығу секілді өрескелдіктер бойынша жүргізуші жарты жылдан бір жылға дейін жүргізу куәлігін тапсыруға мәжбүр. Ондай жағдай да жиілеп кетті.

Қазір облыста көлік саны көбейіп барады. Айталық, 2018 жылы Атырау облысында тіркелген 70 мыңнан астам автокөлік болса, биыл 154 мыңға жетті. Демек бес жылда 84 мың автокөлік тіркелді деген сөз.

Өкінішке қарай, соған қарамастан көлік магистралдарының бұрынғы тар әрі жаңартылмаған қалпында қалғаны қынжылтады. Жол-көлік оқиғаларының көбеюіне бұл да негізгі факторлардың бірі.

– Қазір жол бойында мал көп. Оған ешкім жауапты емес сияқты. Көлік апатына мұның да кесірі тиіп жатыр ғой…

– Облыста аптасына кемінде 4-5 жол-көлік оқиғасы соның кесірінен тіркеледі. Жыл басынан бері 80-ге жуық мал қағу фактісі анықталды. Ауыл, аудан әкімдеріне ауылдан бақташы шығару жөнінде ұсыныс беріліп келе жатыр. Бірақ оған ешкім де құлақ асар емес.

Тіпті, қала ішінде де мал жол бойында жүреді. Ондайда біздің қызметкерлер «Арнаулы автобаза» мекемесіне хабарласып, қамап қойып та жүрдік. Иесі келіп, айыппұлын алады.

Ірі елді мекендердің сыртынан арнайы қоршалған жайылым алқаптарын ұйымдастыру жөнінде де айтылып келеді. Бірақ нәтиже жоқ.

– Соған қарағанда айыппұл көлемі аз шығар?..

– Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабына сәйкес оның көлемі бекітілген. Егер жол бойында иесіз жүрген мал автокөліктің жүрісіне кедергі келтірсе, сырғасы арқылы иесін анықтап, әкімшілік шара қолданып отырған фактілер бар.

Бірер жыл бұрын малдың мойнына жарыққа шағылысатын лента тағуды мұнайшы компаниялардың бірі бастаған еді. Бірақ мал иелерінен қолдау тапқан жоқ. Өйткені оның бағасы қалтасына салмақ түсіреді.

– Бүгінде жол бойында шетелдік нөмірмен шұбырған көлікке көз сүрінеді. Оларды есепке алып жатқан жан бар ма?

– Шекарадан кіріп-шығатын жердегі бейнебақылау камерасы арқылы барлық автокөлік есепке алынады. Олардың өздерінің жүретін жері бар. «Дина» базарынан шығатын көліктер жолаушыларды жинап шығады. Олардың толық есебі бар. Арнайы хаттамалар да толтырылады.

Бір мысал айтайын. Былтыр Қызылқоға ауданы бағытына жүріп бара жатқан көлік жүргізушісіне жылдамдықты шектен тыс арттырғаны үшін хаттама толтырылды. Арада бір сағат өткенде көлік аударылып, жолаушылар опат болған. Өкініштісі сол, бұдан қорытынды аз болып тұр.

– Осыдан төрт-бес жыл бұрын аудандарға қатынайтын және қала аралық автобустарды қалаға кіргізбей, «Аламан» базарына бағыттау туралы бастама көтеріліп еді. Бірақ ол аяқсыз қалды, себебін ешкім түсіндіре алмады…

– Бұл мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Себебі, қазір Атыраудан Қызылқоға, Жылыой, Мақат, басқа да бағыттарға жолаушылар автобусы шықты. Халық олардың қауіпсіздігін түсінгендіктен, қазір жеңіл автокөлікке мінбейді.

Енді әкімдікпен сөйлесіп, барлық автобустардың қала сыртына аялдауы үшін арнайы орын белгілеуді ұсындық. Онда автобекет секілді тасымал көлігінің қатынас кестесін де үйлестірсе, жолаушылар уақыт жоғалтпай, автовокзалдан қалаған бағытына шығар еді. Бұл қаладағы көлік кептелісін реттеуге де ықпал етеді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Арыстанбек КЕНЖЕ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button