Атырауда «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында кездесу өтті
2025 – «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ардагерлер кеңесі, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің өкілдері, «Қоғамдық келісім» КММ этномедиаторы мен қызметкерлері Атырау көлік және коммуникация колледжінің студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында колледж директоры сөз алып, «Жұмысшы мамандықтары жылына» байланысты жоспарланған іс-шаралармен таныстырды. Сонымен қатар студенттерді кәсіби білім алуға ынталандыру мақсатында атқарылатын жұмыстар туралы баяндады.
Атырау облыстық ҚХА Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев өз сөзінде жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын атап өтіп, олардың ел экономикасындағы рөлі мен артықшылықтарына тоқталды. Сондай-ақ жастарға мемлекет тарапынан жасалатын кәсіптік білім беру саласындағы реформалар жайында кеңінен әңгімеледі.
Кездесу соңында студенттер қонақтарға көкейкесті сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жастар еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы маңызды ақпарат алды.
Бұл іс-шара — жастардың кәсіптік бағдарын қалыптастыру және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі.
А.ҚҰРМАШЕВА