АТЫРАУДА ЖАСӨСПІРІМ СУҒА БАТЫП КЕТТІ
Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобының мәлімдеуінше, Судағы қауіпсіздік шараларын түсіндіру бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, қайғылы оқиғалар әлі де тіркелуде.
Кеше, 2 тамызда Томарлы ауылында 2004 жылы туған жасөспірім суға батып кетті. Жедел-құтқару жасағының құтқарушыларына сағат 19:14 шамасында қоңырау түсті. Оқиға орнына келген құтқарушылар жедел су асты іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Сағат 21:03-те сүңгуірлер суға батып кеткен жасөспірімнің денесін су астынан шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.
Жыл басынан бері Атырау облысының су айдындарында 21 адам қаза тапса, оның жетеуі – бала. Екі бала мен бір ересек құтқарылды. Талдау көрсеткендей, олардың көбісі тыйым салынған жерлерде шомылып, қауіпсіздік ережелерін елемеген.
Тәулік бойы Атырау қаласында, Жылыой мен Құрманғазы аудандарында үш суда құтқару стансасы кезекшілікте тұр. Шомылу маусымы басталғаннан бері құтқарушылар 356 профилактикалық рейд өткізсе, оның 218-сі полиция қызметкерлерімен бірлескен.
Алайда, құтқарушылардың сөздерін тыңдамайтын тұрғындар көп. Полиция қызметкерлері тәртіп бұзушыларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексіне сәйкес, 200 мың теңгеден астам айыппұлға 369 хаттама толтырды.