Атырауда «Тарихқа саяхат» жобасы жүзеге асырылды
«Жаныңдамын» қоғамдық қоры бірнеше жылдан бері Атырау облысында волонтерлік жұмыстар атқарып келеді. Осыдан төрт жыл бұрын негізі қаланған бастамашыл топ еріктілік жұмыстарының нәтижесінде бүгінде заңды ұйым ретінде тіркеліп, түрлі гранттардың, демеушілердің қолдауымен волонтерлік жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі ретінде аталған қор жуырда республика Қоғамдық даму және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «Даналық» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Біргеміз: Асыл мұра» бағытындағы грант аясында «Тарихқа саяхат» жобасын жүзеге асырды.
«Жаныңдамын» қоғамдық қорының жетекшісі Мейрамгүл Есниязованың айтуынша, бұл жоба –Атырау облысы Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілеріне арналған. Жоба аясында балалардың туған жердің тарихымен, көрнекті жерлерімен, ата-бабаларымыздың кесенелерімен танысуы мақсат етіп қойылған.
«Жаныңдамын» волонтерлік ұйымының волонтерлері аталмыш орталықтың балаларын «Атырау-Сарайшық-Индер» бағыты бойынша саяхатқа алып шықты. Алғаш болып аялдаған жер – Махамбет ауданы Сарайшық ауылындағы «Сарайшық» тарихи-мемориалды кешені.
–Бұл жерде балалар тарихпен танысып әрі қазба жұмыстарына да белсене қатысты. Өз қолдарымен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында балалардың қоғамдық жұмысқа деген ынтасы ашылды. Одан соң Индер ауданы Жарусат ауылында орналасқан Мұрат Мөңкеұлының мазарына ат басын тіредік. Бұл жерде Мұрат ақын жөнінде кеңінен ақпараттар айтылды. Одан әрі Махамбет Өтемісұлы бабамыздың кесенесіне саяхат ұйымдастырылды. Тарихты білу – ұрпаққа міндет. Осындай негізгі мақсатпен балаларды туған өлкеміздің аңыз адамдарымен таныстырып, кесенелерін көруіне мүмкіндіктер жасалды, — дейді М.Есниязова.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА