Атырауда суға батқан әкімге қатысты жаңа деректер пайда болды
Атырау облысында Жайық өзеніне батқан аудан әкімі әлі табылған жоқ. Сүңгуірлер іздестіруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Махамбет ауданының әкімі 31 шілдеде сағат 20:30 шамасында Жайық өзеніне суға түскен. Алайда, өзеннен қайта шықпай қалған. Аудан әкімі Ринат Жанғылыштың Махамбет ауданындағы Ортақшыл ауылы маңында Жайық өзенінің жабдықталмаған тұсында суға түскені белгілі болып отыр. Бүгін, 1 тамызда жергілікті уақытпен сағат 6:10 шамасында іздестіру жұмыстары басталды. Іздестіру жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінен 9 қызметкер мен 2 жүзу құралы тартылды. Аудандық полиция бөлімінен 10 қызметкер, туыстарынан 10 адам көмекке келген.
«Жергілікті уақытпен сағат 13:00-ге дейін аудан әкімінің денесі табылған жоқ. Сүңгуірлер су астынан іздеуді жалғастырып жатыр», — деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Ринат Жанқылыш Махамбет ауданының әкімі лауазымына 2021 жылғы ақпан айында тағайындалған. Ол 1982 жылы 2 желтоқсанда Атырау қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, 2003 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінде, 2011 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде, ал 2017 жылы Атырау мұнай-газ университетінде заңгер, экономист және мұнай-газ ісі мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қалалық экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде тергеуші болып бастаған. 2006-2018 жылдары бірнеше жеке кәсіпорында басшылық еткен. Ал, 2018-2019 жылдары Атырау қаласы мәслихатының хатшысы, 2019-2020 жылдары Атырау қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.