«Жастар жылына» дайынбыз ба?

amandyik 3 Қоғам

Мемлекет басшысы келесі жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек» деді Елбасы. Демек, 2019 жылы жастардың баспана, білім алу мен жұмыспен қамтылуға қатысты мәселелерін шешіп алуға мол мүмкіндік тумақ. Осы орайда, күнделікті кездесетін проблемалардың кейбіріне тоқталуды жөн көрдік.

амандык (3)

Алдымен, күректей дипломы бар жастар жұмыс берушілер талап ететін еңбек өтілінің жоқтығынан  сатушы, күзетші, даяшы ретінде жұмысқа тұруға мәжбүр болары даусыз. Құрылысшы, сантехник, кафель жапсырушы, дизайнер, көлік жөндеушілерге сұраныс жоғары болғанымен, оған жастар тарапынан талпыныс жоқ. Шағын және орта бизнестегі жастардың үлесі төмен.

Екіншіден, жас буын арасында өзіне-өзі қол жұмсау деректері көбеймесе, азаяр емес. Мұның түпкі себебін талдап жатқан мамандар жоқ. Соңғы кезде тәрбие ісі тоқырауға ұшырап отырғанын мойындауымыз керек. Үшіншіден, денсаулығы нашар жастардың көбейіп отырғаны да алаңдатарлық жайт. Сонда, жыныстық және басқа да жолдармен жұғатын аурулар жайлы түсінік жұмыстары тек қағаз жүзінде жүргізіліп жатқаны ма? Аурудың алдын алу үшін жыл сайын скринингтен өтуге жастардың өздері де құлықсыз. Төртіншіден, жұбы жараспай ажырасатындар қатары  артып келеді. Азаматтық некемен отбасы құратындар көбейген.

Ал, діни экстремизм мен терроризмді уағыздайтын теріс ағымдар жетегіне жұтылып, қорғансыздық танытып жатқандары қаншама? Діни ақпараттық шараларға қысқа балақты, ұзын сақалдылар мен беттерін тұмшалағандар қатыспайды. Облыста 3 мыңдай салафит ағымын ұстанушы бар, оның 2 мыңы – Атырау қаласының тұрғыны және 65 пайызы – жастар. Сондай-ақ, қыздарын хиджапсыз мектепке жібермейтін, аурудың алдын алуға бағытталған екпелерден бас тартатын ата-аналар тағы бар…

Алдағы жастар жылында қолдау күтіп жүрген жастарға қандай көмек көрсетеміз? Жастар проблемасы шешімін таба ма? Қоғам жастарды қолдауға дайын ба?

 

Амандық Сағынтайұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз