Жарнама
ҚоғамФОТОГАЛЕРЕЯ

АТЫРАУДА ҚҰРБАН-АЙТ АТАЛЫП ӨТТІ (+фото)


Қасиетті Құрбан айт мейрамы биыл еліміздің өзге өңірлеріндегі тәрізді Атырауда да айрықша жағдайда өтті.

Мереке құрметіне облыс орталығында бірнеше жерде көпшілікке арналған көңілді шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі қаланың «Вокзал маңы» шағын ауданында жалғасын тапты. Осындағы арбат алаңында таңертеңнен бастап көңілді ән-күй ойналып, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қазақы дәстүрмен киіз үйлер тігіліп, қазан көтеріліп, жиналған үлкен-кішіге Құрбан айт құрметіне дастархан жайылып, дәм тартылды.

Алаңға жиылған жұртшылықты Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи құттықтады. Ол көпшілікке ізгі ниет, игі тілегін білдірді. Қала басшысы мұндай ұлық мейрамның мазмұнын арттырып, шырайын келтірген шаралардың шаһардың басқа да шағынаудандары мен ауылдарында өткізіліп жатқанын, және де осындай игі бастама, ізгілікті іске осында туып-өскен ұлтжанды, мейрімді, қайырымды азаматтардың, кәсіпкерлер мен еріктілердің, қоғам белсенділері мен халық қалауларының ұйытқы болып отырғанын, жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан оларға қолдау ғана білдірілгенін атады.

Тоқтала кетер жайт, бұл күні аумағы атшаптырым алаңның бір шетінде балалар үшін ойын алаңқайлары мен батуттар құрылып, оларға тәттілер мен сусындар тегін таратылса, басқа жағында бойында күш-қайраты тасып тұрған шымыр да шыныққан, салауатты өмір салтын ұстанған сайдың тасындай мықты да жауырынды, епті жігіттер кір тасын көтеруден, қазақ күресінен, қой көтеруден, турникке тартылудан сайысқа түсті. Әсіресе, боз кілем үстіндегі белдесулер өте тартымды да қызықты өтіп, балуандар біріне бірі дес бермей жатты. Басқа спорт түрлерінде қатысушылар қарсыластарына оңайлықпен берілмеуге тырысты. Бір сөзбен айтқанда, шаршы алаңның үстінде аламан бәйгеге бергісіз ойын оздырып, делебе қоздырған жарыс болды бұл күні.

Ең бастысы да маңыздысы, бұл мейрам елдің бірлігі мен тату тірлігін, қазақшалап айтқанда, бір ауылда туып-өскен, сол жерді мекен еткен тұрғындардың ауызбірлігін, кішінің үлкенге деген құрметі мен інілік ізетін танытты. Мұны шараны ұйымдастырушылардың бірі Арман Аққозыұлы да растап, бастамаға қолдау білдірген баршасына алғысын айтты. Жалпы қайырымдылық шараларының осындай мейрамдарда ғана емес, былайғы уақытта да ұйымдастырылып тұратынын айтты. Өз кезегінде мемлекеттік мекемелердің қолдарынан келген көмегін көрсететінін жеткізді.

Құрбан айт мейрамына қонақ ретінде шақырылған «Береке» шағынауданындағы «Иман» мешітінің наиб имамы Акажан Юсупов, облыстық мәслихаттың депутаттары Әлібек Семғалиев пен Нұржан Ермұханов та ұлық мейрамның қадір-қасиеті, мән-маңызы жайлы әңгімелеп, жылы лебіздерімен бөлісіп, игі тілектерін жолдады.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button