Жарнама
ҚоғамФОТОГАЛЕРЕЯ

Атырауда Отан қорғаушылар марапатталды (+ФОТО)

Тарихын тасқа таңбалаған бабалардан бізге аманат болып қалған ең қымбат байлығымыз бар, ол – қастерлі Отанымыз. Осынау кең байтақ даланы сұрапыл соғыста сұсты жаудан қорғаған ержүрек батырлардың еңбегі ел есінде мәңгі сақталып қалмақ. Біз – ақ найзасын өңгеріп, ер етігімен су кешкен қилы кезеңдерді бастан өткерген майдангерлердің ұрпағымыз. Ұландардың бүгінгі жеткен биігі – сол қасиетті рухтың белгісі іспеттес.

Отан қорғаушылар күні мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналған салтанатты шара 6 мамыр күні Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтіп, адал қызметтің алдыңғы шебінде жүрген әскерилер марапатталды.

Тәуелсіз ел атанғалы азаттығымызды айқындайтын атрибуттардың бірі әскер қалыптастыру еді. Осыған байланысты 1992 жылы мамырда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі құрылды. Ал, 2001 жылдан бастап елдің Қарулы күштері 4 округке бөлінді. Соның бірі – Атыраудағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының штабы. Кәрі Каспийдің қазақстандық бөлігінің экономикалық мүддесін қамтамасыз ету, мемлекеттік шекараның беріктігін сақтау мен аумақтық тұтастығын қорғау, қорғанысты нығайту «Батыстың» басты міндеті болып қала бермек.

Күн райы тосын мінез танытып, мамырдың мамыражай күні аспанды бұлт торлағанмен, мерекелік көңіл-күйдің әсерін еш төмендеткен жоқ. Салтанатты шараның шымылдығы Әнұранмен ашылып, көк Туымыз сахна төріне көтерілді.

Ата-бабамыз Отан үшін отқа түсіп, толарсақтан саз кешсе де елді көзінің қарашығындай қорғай білді. Жауымен қасық қаны қалғанша күресті. Күннің ыстығына да, қыстың қытымыр аязына да төзіп, туған жердің амандығы үшін басын қатерге тікті. Осылайша, бабалар аңсаған бейбіт күн туды. Біз ештеңеден қаймықпайтын халқымызды мақтан етіп келдік. Бұл іс әрі қарай да жалғасын таба берері сөзсіз.

Жуырда ел Президентінің Жарлығымен неміс фашистерімен соғыста ерлігімен көзге түсіп, қанқұйлы жаудың оғынан қаза тапқан батырларға «Халық қаһарманы» атағының берілуі де ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан игілікті істің әдемі сабақтастығы екені даусыз.

Отан қорғаушыларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Серік Шәпкенов осыған айрықша тоқталды.

– Ең қастерлі мерекенің бірі – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! «Отан – оттан да ыстық» дейді. «Отан-Ана» деген ұғым бар. Қазақ халқы қай кезде де өз жерімізді, шаңырағымызды қорғауға баулыды. Әрбір перзент дүниеге келгенде қорғанымыз өмірге келді деп қуанды. Сөйтіп, туған жерімізді болашақ ұрпаққа аманат етіп жеткізді. Тәуелсіздігімізді алып, егемендікке қол жеткізгеннен кейін де осы дәстүрді жалғастырып, Қарулы күштерімізді құрдық. Оның негізгі мақсаты мен міндеті – сырттан келетін жауға тойтарыс беріп, халықтың бейбіт өмір сүруіне мүмкіндік туғызу. Түнде тыныш ұйықтап, күндіз уайымсыз қызмет атқаруымызға жағдай жасау. Күні бүгінге дейін осы істердің барлығын әскери қызметшілер абыроймен атқарып келеді. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Қазақ халқы өз майдангерлерінің ерен еңбегін жадынан шығармайды, — деді Серік Жамбылұлы.

Облыс басшысы қазіргі Қарулы Күштердің материалдық-техникалық базасы жақсарғанын, ең бастысы – әскерилердің рухы өскенін ерекше атап өтті. Әрқашан рухтың биік болуы, қызметті адал әрі абыроймен атқаруға тілектестігін білдірген Серік Шәпкенов соңғы уақытта ел тыныштығы мен бейбітшілікке сызат түсіретін жағдайлар да кездесіп жатқанына тоқталды. Қалай болса да, біздің бірлігіміз бен бейбітшілігімізге кірбің түспейтініне сенім кәміл.

Салтанатты жиында Серік Жамбылұлы бір топ әскери қызметшіге мерекелік марапаттарды табыс етті. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен 51051 әскери бөлімінен майор Медет Құлыбеков, ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен осы бөлімнің ІІІ сыныпты сержанты Мэлс Тәженов, 21642 әскери бөлімінің ІІІ сыныпты сержанты Асылбек Өтеғалиұлы, осы бөлімнің аға сержанты Медет Жасанғалиев, 41433 әскери бөлімінің ІІІ сыныпты сержанты Гүлжазира Қайбалдиева марапатталды. Ал, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі 51051 әскери бөлімінің ІІІ сыныпты сержанты Тимур Иманаловке табысталды.

Бір топ әскери қызметкерге Қарулы Күштердің құрылғанына 30 жыл толуына орай қызметінде оң мінездемеге ие және өзінің әскери борышын үлгілі орындағаны үшін Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік шара театрландырылған көрініс пен концерттік бағдарламаға ұласты. Бұл жолы салтанатты жиын аясында ауған соғысы ардагерінің прологы көрермен назарына ұсынылды. «Түн қатып жүріп, түс қашқан» әскерилердің өлшеусіз еңбегі осылайша кең көлемде ұлықталды.  

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button