
Атырауда ішімдіктен бас тартқан ауылдардың саны 54-ке жетті
Қаңтарда Атырау облысы полиция департаменті алкогольдік өнімдерден бас тартып, ішімдіксіз ауыл атанған Индер ауданы Құрылыс ауылын өзге аумақтарға үлгілі ауыл ретінде жариялаған еді. Бұл бастама өзге елдімекендерге де ықпалын тигізіп, ақпанның қорытындысы бойынша Атырау облысында осындай ауылдардың саны 54-ке жетті.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ішімдіксіз өмір салтын ұстанатын ауылдардың көбеюі қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың әл-ауқатына оң әсерін тигізіп отыр. Осындай ауылдардың бірі – Индер ауданына қарасты Құрылыс ауылы. Бұл елді мекен соңғы бес жыл ішінде алкогольдік ішімдіктерден мүлде бас тартып, салауатты өмір салтын ұстанудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Ауыл дүкендерінде алкоголь өнімдері сатылмайды, ал тұрғындар ішімдіксіз өмірді саналы түрде таңдаған. Құрылыс ауылы құқықтық тәртіп пен тыныштықтың үлгісі ретінде танылып келеді.
Тұрғындардың келісімімен алкогольді ішімдіктен бас тартқан ауылда мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтар мүлде кездеспейді, соңғы бір жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл бастама ауылдағы қоғамдық тәртіпті сақтауға айтарлықтай ықпал етіп қана қоймай, қауіпсіздік деңгейін де арттырған.
Ауылдың учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Исатай Жасталапұлының айтуынша, ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстанып, қоғамдық қауіпсіздікке баса назар аударуы ауылдың өркендеуіне оң әсерін тигізуде.
Құрылыс ауылының азық-түлік дүкендерінің иелері де тұрғындардың денсаулыққа зиянды өнімдерден бас тартқанын қуана айтады. Мұнда көшеде мас күйде жүрген адамдарды кездестірмейсің, бәрі еңбекпен айналысып, өз шаруаларына ұқыптылықпен қарайды. Ауылдағы құқықтық тәртіпті сақтауда құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы маңызды рөл атқаруда. Әсіресе, полицияның тұрғындармен тығыз байланысы мәселелерді уақытылы анықтап, шешуге көмектеседі.
Бұл тәжірибе басқа да ауылдар үшін үлгі болып, бүгінде Қызылқоға ауданында – 17, Құрманғазы ауданыда – 16, Исатай ауданыда – 6, Индер ауданыда – 4, Жылыой ауданында – 3, Махамбет ауданында – 7, Мақат ауданыда 1 ауыл мен елдімекен алкоголдік өнімдерден бас тартып отыр.
Құрылыс ауылы мен алкогольден бас тартқан басқа да ауылдың тұрғындары салауатты өмір салты мен тәртіпті сақтаудың арқасында өздерін қауіпсіз әрі жайлы ортада сезінуде.
Бұл – бірліктің, тәрбиенің және ортақ жауапкершіліктің нәтижесі. Өңірдегі тағы 53 ауылдың осындай шешім қабылдауы – қоғамдағы салауатты өмір салтына деген бетбұрыстың айқын көрінісі.