Атырауда ерекше балаларға айрықша қолдау қажет

щlzlщzщ Қоғам

«Cенім тірегі» қоғамдық қорының қолдауымен ашылған «Future sport» абилитациялық орталығының ашылғанына 3 жыл. Осыған орай «Адаптивті спорт – болашаққа бастар жол» атты ерекше балаларға арналған бейімдік спорт пен ақыл-ой кемістігі бар балаларды дамытуға бағытталған I форум өтті.

Орталықтың көмегі көп

Батыс өңіріндегі бірегей орталықтың негізін қалаушы, қоғамдық қордың төрағасы Самал Жұмашеваның айтуынша, қор жұмысы әлеуметтік кәсібін кеңейтіп, биыл Құлсары қаласынан орталық филиалын ашқан.

– Ерекше қажеттіліктері бар балалардың физикалық және ақыл-ой қабілеттерін қалпына келтіру, ойлау мен сөйлеу қабілеттерін арттыру туралы ой көптен бері ойымызда жүр еді. Жүзеге асқанына қуаныштымыз. Бұл балаларға жаңа дағдыларды игеруге, ұсақ және ірі қол мен аяқ моторикасын дамытуға сәтті көмектесіп келеді. Ал бейімделген спорт біздің тәжірибемізге енгеніне көп бола қойған жоқ. Дегенмен, ерекше балаға бүкіл дененің физикалық қабілетін жақсартуға септесіп жатыр. Осы уақыт ішінде бірнеше жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады, – деді Самал Аманжолқызы.

Форумға қатысқан спикерлердің қатарында адаптивті дене шынықтыру және футбол, балалар неврологиясы, логопедия, психология секілді бағыттарда қызмет көрсететін республикалық және жергілікті мамандар болды. Сарапшылар форум қатысушыларына балаларды дамытудың заманауи, тиімді әдістері мен тәсілдері туралы пайдалы ақпаратпен бөлісті.

osho

Баламен бірге қуанады

Самал Аманжолқызы жетекшілік ететін қоғамдық қор «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылып келетін «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екі мәрте жеңімпазы атанған. Осылайша ол Атырау және Құлсары қалаларында өз жобаларын жүзеге асыру үшін пайызсыз несие және грант алып, Алматы, Астана қалаларында өз орталығының қызметкерлерімен бірге 2 тағылымдамадан өтті.

– ТШО әрқашан өзі тұратын және жұмыс істейтін өңірге қолдау көрсетуге жұмыстанып келеді. Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында біз үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) ынтымақтасып, өңірдің дамуына өз үлесімізді қосуға үлес қосып келеміз. Жарқыра бағдарламасы арқылы өткен жылы ерекше балаларға арналған 4 жоба ашылды. Биыл да жоба тұрақты жалғасын тауып, бірнеше әлеуметтік кәсіпкер өз ісін бастайды деп сенемін. Осы жылдар аралығында «Жарқыра» бағдарламасы әлеуметтік кәсіпкерлердің тұтас бір тобын тәрбиеледі. Мен олардың барлық бастамаларына сәттілік тілеймін, – деді «Теңізшевройл» компаниясының үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджерінің орынбасары Хеймиш Полс.

Бұл жоба Атырау қаласында 100 балаға және Құлсары қаласында 3 жастан 14 жасқа дейінгі 50 балаға есептелген. Сабақты сертификатталған жаттықтырушылар жеке және 6-8 адамнан тұратын топпен кең жабдықталған спорт залында өткізеді. Әр бала үшін жүгіру, әр түрлі траекториялар бойынша дриблинг, кедергілер жолағынан өту, футбол элементтері секілді түрлі жаттығу түрлері жасалады. Сабақтың ұзақтығы орта есеппен 1,5 сағатты құрайды.

– Ашылған кезде орталыққа 10 бала қабылданып, 6 айдан соң олардың саны бес есеге өсті. Оқушылардың 80 пайызының мінез-құлқы мен жалпы жағдайында оң өзгеріс байқалды. Күн сайын балалардың көз байланысын, сөйлеуді түсінуді, зейінді шоғырландыруды, топтық жұмыс дағдыларын жақсартуға жұмыстанамыз. Дәрігерлердің диагноздары мен көңіл көншітпейтін болжамдарына қарамастан, біздің кейбір ерекше балаларымыз жалпы білім беретін мектептерге баруға мүмкіндік алды», – деді «Сенім тірегі» қоғамдық қорының төрағасы Самал Жұмашева.

Форумда спикерлер тұшымды пікірлерін білдіріп, балалар концерттік бағдарламаға жалғады.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз