Мал бордақылау алаңы көбейе бастады

20190228162132 Қоғам

ЕТ ЖӘНЕ ЕТ ӨНІМДЕРІНЕ ДЕГЕН СҰРАНЫСТЫҢ 60 ПАЙЫЗЫН КӨРШІЛЕС ОБЛЫСТАРДАН ТОЛЫҚТЫРЫП КЕЛГЕН МҰНАЙЛЫ ӨҢІР МАЛБЕГІЛЕРІ ЕНДІ МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫМЕН ЖАҢА ЖОБАҒА ДЕН ҚОЙҒАН. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ИНДЕР АУДАНЫНДАҒЫ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖЫЛЫНА 500 БАС ІРІ ҚАРАНЫ ЖЕМДЕП, БАҒАТЫН МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫН АШТЫ. БҰҒАН ДЕЙІН ТЕК ЖАЗ БЕН КҮЗДЕ ЖАЙЛАУДА СЕМІРГЕН МАЛЫН САТЫП ТАБЫС ТАУЫП ЖҮРГЕНДЕР ЕНДІ ЖАҢА ЖОБАНЫ ҚЫЗУ ҚОЛДАП ОТЫР. МАЛ БОРДАҚЫЛАП, ОБЛЫСТЫҢ ІШКІ ҚАЖЕТІН ӨТЕЙТІНДЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТЕН ҮЛКЕН ҚОЛДАУ БАР.

«Жаманқұдық» қыстағындағы бордақылау алаңында 150 бас жылқы тұр. Олар осы арада екі – үш айдай семіртіліп , қала базарларына саттыққа шығарылады. Бордақы малдың күтімі де ерекше. Аула ішінде уақытымен жем-шөпке бөгіп тұрған мал қазірдің өзінде ет алып, қоңданып қалған. Бордақылау алаңының иесі – «Асыл-Агро» шаруашылығы. Бұған дейін облыс тұрғындарын ет жəне ет өнімдерімен қамтамасыз етіп келген шаруашылық енді жұмыстарын жыл бойы үзіліссіз жалғастыруға ниет етіпті.

– Қараша айының ортасында тағы 200 бастай тайөгіз келеді. Қаңтарда тағы 100 шамалы жабағыны бағымға аламыз. Сонда ұзын саны 500 басқа жуықтайды.

Бордақыға алынған мал кемінде төрт-бес ай жемделеді. Сосын ақпаннан бастап сатуға шығарамыз. Шығын дегенде, шөп – өзімізден. Биылдан бастап екпе шөп өсіруді қолға алдық, азықтық құнары жақсы. Ал, жемді сатып аламыз. Бағымдағы мал далаға шықпайды, үнемі қорада тұрады. Қазір осы жерде алты адам жұмыс істеп жатыр, мал басы көбейсе қосымша адам жалдаймыз, – дейді бордақылау алаңының жетекшісі Асылбек Бауыржанұлы.

Бұған дейін Атырау облысында тұрғындардың меншігіндегі өз малынан басқа бордақылаумен тұрақты айналысқан ешкім жоқ. Сондықтан, бұл – əзірге қанатқақты жоба. Өйткені, енді мемлекет тарапынан қолдау барын түсінген шаруалар малды жаппай бордақыға қоя бастады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мəлімет бойынша, бір ғана «Асыл – Агро » жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бордақыға 1 мың басқа дейін мал ұстауға мүмкіндік бар екен. Қазір шаруашылықты кеңейту жұмыстары жүргізіліп ж а т ы р . О л ү ш і н Ж а й ы қ өзенінен ұзындығы 18 шақырым тұщы су құбыры, жерасты суын тұшытатын қондырғы орнатылған. Сондай-ақ, Құрылыс ауылынан табиғи газ желісі тартылуда. Оны шаруашылық өз күшімен атқарған. Болашақта мал бордақылау алаңы базасынан мал соятын цех ашу да жоспарда бар.

Алдағы жылдары облыс бойынша осындай үш ірі жоба қолға алынбақшы. Сол кезде Атырау етке деген сұранысын толықтай өтеп, артығын көрші облыстарға өткізуге мүмкіндік алады. Жаңа жобаны қолға алғандар үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Атап айтқанда, мал бордақылау алаңдарын салған шаруашылықтың шығынының 25 пайызын мемлекет өтеп береді. Сондай-ақ, өндірілген өнімге бөлек өтемақы төленбек. Тасымал жемнің де 40 пайызына субсидия беріледі.

Арыстанбек КЕНЖЕ, Индер ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз