Жарнама
Қоғам

Атырауда ерекше балалар өрт сөндірді

      Адам өмірінде кездесетін маңызды, өмірлік мәні зор қадам аз емес. Солардың бірегейі, әрине, мамандықты дұрыс таңдау. Өйткені, ол – сенің болашағың, қызығушылығың, жейтін наның. Сол себепті жасөспірімдерге осы тұрғыда бағыт-бағдар беру ата-ана мен жанашыр үлкендердің міндеті болса керек. 

      Көбіне батылдықты талап ететін өрт сөндіруші мамандығын өжет ұлдар таңдайды. Бір жағынан ол нағыз ерлер атқаратын жұмыс саналады. Ал, жуырда  «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры көп балалы отбасыларының балалары мен ерекше балаларды қолдау мақсатында «Мамандық бағыты» жобасын қолға алды. Жоба аясында балалар өрт сөндіруші-құтқарушы мамандармен танысу мақсатында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне экскурсия жасады.

      Бөлім бастығы Айбек Нұрбекұлы балаларды қызметтік тәртіппен, атқаратын жұмыспен егжей-тегжейлі таныстырып, өрт сөндіру автокөліктерінің түрлері, олардың сипаттамалары жайлы кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ, өрт сөндіру құрал-жабдықтары, бөлімнің құрылысы, өрт сөндірушілердің арнайы қорғаныс құралдары, төтенше жағдай орын алған кезде құтқарушылар киетін арнайы киімдерді, тыныс алу аппараттарын көрсетті. Бұрын-соңды мұндай заттарды тек теледидардан ғана көрген балалар үлкен қызығушылық танытып, арнайы киімдердің ауырлығына қарамастан өздері де киіп көрді.

      Республикалық өрттен құтқару спортынан чемпионаттарға қатысушы, 10 дүркін чемпион Жасұлан Қайсарбеков пен Бахром Құдайбергенов балаларға спорттағы өз шеберліктерін көрсетсе, жедел құтқару жасағының құтқарушылары суда құтқару құралдарымен және іздестіру жұмысына тікелей қатысатын иттермен жақынырақ таныстырды. Байқағанымыздай, бұл шара балаларға оң әсер етіп, өрт сөндірушілерге деген құрметтерін арттырды. 

Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button