Жарнама
Қоғам

АТЫРАУДА – БАЙРАҚТЫ ДОДА

Ел чемпионы атағын иемдену үшін он төрт облыс пен Астана және Алматы қалаларынан 185 боксшы қолғап түйістіреді. Рингтегі жекпе-жектер он салмақ дәрежесі бойынша өтеді.
Облыстық бокс федерациясының мәліметінше, чемпионатты ұйымдастырушылар облыстық және қалалық әкімдіктер, ҚР Дене шынықтыру және спорт агенттігі, республикалық Бокс федерациясы болып табылады. Сондай-ақ, чемпионатты тамашалау үшін Қазақстан Республикасы Бокс федерациясының вице-президенті, 1980 жылы Мәскеуде өткен 22-нші Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев арнайы келеді деп күтілуде.
Ел чемпионатында Атыраудың намысын он былғары қолғап шебері қорғайды. Олардың қатарында спорт шеберлері Рашид Салауатов, Ержан Ордабаев, Сапарғали Тоғызбаев, Азамат Досмағамбетов, Жасұлан Қапаров, Тоқтар Оспан, Нұрлан Нұрсейіт, Рахман Әлжанов және спорт шеберлігіне кандидаттар Алмас Шынтемірұлы мен Вагиф Әлібеков бар. Оларды жарысқа жаттықтырған — халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, Азия чемпионы Қанат Орақбаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары – Ерболат Бисекенов, Есенабат Өтеғалиев, Геннадий Сморогов.
Аталмыш чемпионат — соңғы он жылдықта бокстан Атырау өңірінде өтіп тұрған үшінші байрақты дода. Айта кетсек, 2005 жылы Ел чемпионаты мен осыдан бірер жыл бұрын әйелдер және қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты еліміздің мұнайлы астанасында ұйымдастырылған болатын. Бұл жарыстарда облыстың былғары қолғап шеберлері үздік нәтиже көрсетіп, бірқатар боксшыларымыз чемпион атағын еншілеген болатын. Осы жолы да атыраулық боксшылар өздерінің шеберлігін аңғартып, жеңіс тұғырынан көрінеріне сенім мол.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button