Атырауда азық-түлік бағасын қадағалау мақсатында call-орталық жұмысын бастады
Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын қадағалау үшін call-орталық құрылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазақстандықтардың өтініштеріне арналған сall-орталық еліміздің барлық өңірлерінде жұмысын бастады. Ол үй жанындағы дүкендерде, базарларда, супермаркеттерде және басқа да сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қымбатшылығын бақылау үшін құрылған.
— Қоңырау алдымен Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің Атырау облыстық дапартаментіне түседі. Ал call-орталықтың кеңесшілері әрі қарай қандай қадам жасайтынын айтып, кеңес береді. Бірақ кәсіпкерлер немесе тұрғындар шағымданған жағдайда сауда орнының атауы мен мекенжайын нақты білуі, алған тауардың суреті және түбіртегі міндетті түрде өзінде болуы керек. Бұл бағаны негізсіз көтерудің жолын кесетін бірден-бір әдіс болмақ. Әзірге өңіріміз бойынша шағым түскен жоқ, деді Кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Жумаситов.
Айта кетейік, хабарламалар дүйсенбі мен жұма аралығында 9:00-ден 19:00-ге дейін қабылданады. Байланыс нөмірі: 87023648010. Сондай-ақ жұмыс және демалыс күндері азаматтар Сауда және интеграция министрлігінің Facebook, Instagram (https://www.facebook.com/mtiqz , https://instagram.com/sauda_inform?igshid=NmNmNjAwNzg=) әлеуметтік желілеріндегі парақшалары арқылы өтініштер қалдыра алады.