
Атырауда «Ауыл» партиясының аймақтық даму мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» жалпыхалықтық демократиялық партиясының депутаттық фракциясының мүшесі Ерболат Саурықов саяси ұйымның өңірдегі активімен кездесті. Онда алдымен партияның облыстық филиалының төрағасы Нұртас Байжанов биылғы жылдың алғашқы жартысында атқарылған жұмыстардың барысы жөнінде баяндама жасады.
– Есепті мерзімде партиямыздың қатары жаңадан 160-тан астам мүшемен толықты. Бес аудандық өкілдіктің жетекшісі сайланды. Қалған екеуінде төрағасын сайлау жөнінде ұйымдастыру шаралары жүргізілуде.
Партияның орталық аппараты бекіткен жоспарға сәйкес, 1 және 2-тоқсанға арналған кесте шеңберінде жоспарлы іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, облыстық ұйымның ұйытқы болуымен 4 студенттік жастар жасағы құрылып, қазіргі уақытта олар толықтай жұмыспен қамтылып отыр. Бұған қоса, орталықтан ұсынылған «Аграрлы Қазақстан» тележобасын іске асыру жұмыстары жалғасуда. Жарты жылда бұдан басқа да ауыз толтырып айтарлықтай жасалған жұмыстар аз емес, – деді баяндамашы.

Айтуынша, биыл – «Ауыл» партиясының құрылғанына ширек ғасыр. Осы айтулы дата аясында мамыр айының 25-інде елорда – Астана қаласында орталық аппараттың ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Онда партияны ұйымдық жағынан нығайтып, саяси ұйымның ұстанған бағыттары мен идеяларын, құндылықтарын күшейтуге баса назар аударылды. Соңында ортақ жұмыстың жандануына сүбелі үлестерін қосқан партия ардагерлеріне мерейтойлық медальдар салтанатты жағдайда табыстау туралы шешім қабылданыпты. Бұл «ауылдық» мәжілісменнің өңірімізге сапары кезінде жүзеге асты.
Одан бөлек, бірқатар белсенділерге партия төрағасының Алғыс хаттары мен жаңадан партия қатарына қабылданғандарға мүшелік билеттері тапсырылды.
Дәулетқали АРУЕВ