Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде журналист Михаил Дорофеевтің аудиториясы ашылды.
Салтанатты шараға университет басшылығы, Михаил Дорофеевтің әріптестері, курстастары, қоғам қайраткерлері мен журналистика ардагерлері қатысты.
Аудиторияның ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов бұл игі шараның өскелең ұрпаққа берер тағылымы мол екенін айтты.
–Тек Атырау өңірі ғана емес елімізге таныла білген Михаил Дорофеев өмірге құштар, еңбексүйгіш, дара тұлға болатын. Өлкеден түлеп ұшқан ол өзінің санаулы ғұмырын осы журналистикаға арнады. Кәсіби деңгейі жоғары маман бола біліп, айтулы жетістіктерге де жете білді. Журналист атындағы аудитрия болашақ журналистер үшін тәлім алар алаңға айналарына сенім білдіремін, — деді облыс әкімінің орынбасары.
«Журналистің атындағы аудитория ашудағы мақсатымыз — бұл біздің жерлесімізге, әрі біздің оқу орнының қабырғасынан түлеп ұшып, елген танымал маман атанған түлегімізге көрсетілген құрмет пен естелігіміз болмақ. Осы аудиторияға келген әр студент журналистің өнегелі өмірі мен шығармашылығынан сабақ алары анық. Алдағы уақытта Михаил Дорофеев атындағы шәкітақы тағайындауды да жоспарлап отырмыз», — деді ЖОО ректоры Саламат Идрисов.
Аудиторияның ашылуына келген журналистика ардагерлері мен тәлімгерлері Михаил Викторович туралы ыстық лебізбен еске алды. “Өз ісінің маманы болған Михаил Дорофеевтің есімі әрқашан онымен араласқан, жақын білген жандардың жүрегінде мәңгіге қарапайымдылығымен есте қалады,” -десті шараға жиналғандар.
«Ол оқып жүріп те корректор болып қосымша жұмыс істеді, көптеген газеттерге материалдар жазды. Өзінің іскерлігімен, жазу шеберлігімен көзге түскен маманды сол кезде-ақ бірден бас редактордың орынбасары етіп жұмысқа алғанда қателеспеппін. Керісінше, редакцияға жастар жиналды. Мықты жастардан құралған команда бола жүріп жаңа айдарларлар аштық. Ол әрдайым шамадан тыс жұмыс істеді. Миша ақпаратты тез жаза алатын. Ол өмір бойы демократия, тәуелсіздік жолында жиі қалам тербеді. Қазір оның тек жазбаларына ғана қарап отырмыз», – деді Қазақстанның құрметті журналисі Любовь Монастырская.
Барлық студенттер ашық аудиторияда Михаил Дорофеевтің материалдарымен таныса алады. Журналистің зерттеу мақалалары мен сараптамалары мен сұхбаттары бар.
«Аудиторияға келген студенттер фотосуреттерге қарап, оқиды. Ең бастысы, жастар Михаил Викторович сияқты, кез-келген жағдайлар мен оқиғаларға қарамастан, өткір ойы бар маман болып қалыптасса деймін. Михаил әрқашан әділдік пен адалдықты ту еткен адам болды», — деді “Инфополис » ЖШС директорының орынбасары Анастасия Боловинцева.
Айта кетейік, Михаил Дорофеев кенеттен жүрек талмасынан биылғы жылдың 30 қаңтарында қайтыс болды. Ол 48 жаста еді. Соңғы жылдары Informburo.kz. ақпараттық-талдау порталының редакциясын басқарды.