Жарнама
Қоғам

АТЫРАУ СЕЙСМИКАЛЫҚ АЙМАҚҚА ЖАТА МА?

– Жер сілкінісі көбіне аймақтың орналасу ретіне қарай пайда болады. Әңгімемізді ең алдымен Атыраудың геологиялық-тектоникалық картасынан бастасақ…

–Мамандардың пікірінше, ежелгі  дәуірде бұл жер түгелімен теңіз болған және дүниежүзілік мұхиттармен жалғасқан. Кейін жер асты тектоникасы қозғалысқа түсіп, қазіргі Арал, Каспий, Азов және Қара теңіздері бір-бірінен бөлінген. Міне, бұрынғы су алып жатқан жер – қазіргі біз тұрған Каспий маңы ойпаты. Атырау өңірі геологиялық-тектоникалық тұрғыдан жер қыртысының біршама орнықты бөлігінде, яғни, Шығыс-Еуропа платформасының оңтүстік-шығысында орналасқан. Бұл аймақ осы заманғы геодинамикалық жағдайға байланысты бірнеше аумақты литосфералық тақталардың тоғысқан орталығы болып саналады. Олар – Шығыс Еуропа, Скиф, Батыс Тұран, Кіші Кавказ, Оңтүстік Каспий және Иран тақталары (1-сурет, 12-бетте).

Олардың ішінде Скиф (Б) және Кіші Кавказ (В) тақталары солтүстік-шығыс бағытқа қарай жылына 1,92 см жылдамдықпен ығысады. Ал, Батыс Тұран (Г) және Батыс Иран (Е) тақталары жылына 1,8 см жылдамдықпен солтүстік-батысқа қарай ығысады. Аталған тақталардың қозғалыс шекаралары аймақтық терең жарылымдармен шектеледі. Оның литосфералық тақталармен қиылысқан аймақтары жер сілкіну ошақтарымен ұштасқан.

– Зілзала апаты туралы суық хабарды естігенде адам жаны түршігеді. Көптің көкейінде «мұндай қауіп біздің жерге де төнбес пе екен?» деген сауал туындайды. Осы орайда, Атырау облысының сейсмикалық жағдайы қалай?

–Сейсмогеологиялық зерттеулердің нәтижесіне сәйкес, Каспий маңы аймағы екіге бөлінеді. Оның солтүстік бөлімі – енжарлы, ал оңтүстік бөлімі – белсенді болып келеді (2-сурет, 12-бетте). Яғни,  оңтүс-тіктен солтүстікке қарай сілкініс деңгейі азая береді. Сейсмикалық аудандастыру материалдарына сүйенсек, белсенділігі ең жоғары аудандар Мақашқала, Солтүстік және Шығыс Апшерон, Батыс Қарабұғаз және Красноводск – Челекен түзілімдеріне сәйкес келеді. Сонымен, Солтүстік Каспий айдыны түгелдей енжарлық сейсмикалық белдемге жатады. Бұл аймақта оқта-текте орын алатын жер сілкіну үрдістері Альпі аймағындағы күшті сілкіністердің әсерінен немесе техногенді сілкініс болуы мүмкін. Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының сейсмологиялық институтының мәліметі бойынша, Атырау облысы аймағы Каспий айдынын қоса алғанда Рихтер шкаласы бойынша 5 балдан жоғары жер сілкінісі болуы мүмкін емес аймаққа жатады. Ал, негізінен ошағы Атырауда орналасқан деп айтатындай жер сілкінісі тіркелмеген. Мұның өзі тұрғын халықтар мен күрделі құрылыстарға айтарлықтай залал тигізбейді. Белсенді сейсмоошақтардан тараған сілкініс Атырау өңірінде 4-5 балдан артық әсер бермейді.

– Өзіңіз айтқандай, жалпы біздің өңір сияқты қауіпсіз белдемде орналасқан деп саналған аймақтарда апатты сілкіністер болған жағдайларды мысалға келтірсеңіз…

– Мұнай-газ кен орындарын игеру барысында 6-7 балдық жер сілкінісі әлемдік тәжірибеде кездесіп тұрады. Мысалы, баяу сейсмикалық аймаққа жататын Батыс Өзбекстанда Газли газды кен орнын игеру нәтижесінде жеті балдық жер сілкінісі болды. Сондай-ақ, Солтүстік Сахалинде 1995 жылы «1 Мамыр» мұнай кен орны игерілгеніне 30 жыл өткен соң Нефтегорскіде 6,8 балдық жер сілкінісі орын алған екен. 

Ал, Батыс Түркіменияда Құмдағы кен орны игерілгеніне 20 жыл өткен соң алты балдық жер сілкінісі болды. Жерасты қор қоймаларының табиғи жағдайының бұзылыстары техногенді жер сілкінісіне әкеліп соқтыруы мүмкін. 1970 жылы Мақашқалада болған сегіз балдық жер сілкінісі Маңғыстау аймағында үш балдан аспаған қарқындылықпен байқалды. 1986 жылғы 6 наурыз күні Каспий теңізінде болған сегіз балдық жер сілкінісі Маңғыстау облысы Фетисов, Ералиев аудандарында үш-төрт балл шамасында. Ал, 1989 жылғы 19 қыркүйектегі 8 балдық жер сілкінісі Маңғыстауда үш балл деңгейінде тіркелді.  Яғни,  Кавказ жер сілкінісі ошағынан тараған сілкіністер Маңғыстау аймағында бес-алты балдан асқан емес.

– Осы орайда 2011 жылы Теңіз кенішінде болған жер сілкінісін қалай түсіндіресіз?

– Атырау облысындағы Теңіз мұнай-газ кен орны маңында 2011 жылы ақпан айының 21-і күні  жер сілкінісі байқалды.  Негізінде  бұл аймақ геодинамикалық тұрғыдан қарағанда, жер шарының ең орнықты және аумақты бөліміне жатады. Жоғарыда айтқандай, Атырау өңірі сейсмикалық аудандастыру картасында жер қозғалысы бес балдан төмен белдемге жатады. Бірақ, Теңіз сияқты аумақты және өте ірі мұнай-газ кен орнында болған жағдай сейсмолог-мамандармен қатар, ғалымдарды да ойлантып отыр. Сондықтан, арнайы сейсмологиялық зерттеулер жүргізілмегендіктен, оның себебін нақты айту қиын. Атырау аймағында бұдан да ірі жер сілкінісі – 1895 жылы Красноводск маңында болған 10 балдық сілкініс. Бұл Атырау-Астрахан қалаларында бес-алты, ал Қазалы мен Аралда төрт-бес балдық деңгейде бақыланды.       

Атырау аймағына ең үлкен қауіп тудыратыны – техногенді жер сілкінулер. Мұнай-газ кен орындарын қарқынды игеру   техногенді сілкіністердің пайда болу себептері болып саналады. Мұнай-газ кен орындарын қарқынды игеру жер асты құрылымының табиғи жағдайын күрт өзгертіп, техногенді жер сілкінісіне душар етуі мүмкін.

– Бұл  апаттардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жүргізіле ме?

– Ресей Ғылым Академиясының Космостық зерттеу Ұлттық орталығы 2010-2011 жылдары Маңғыстау түбегінде алты айлық сейсмологиялық бақылау жүргізді. Нәтижесінде, сейсмологиялық стансалар Ақтау қаласы аймағында алыста болған 45 жер сілкінісі тіркелген. Олардың Ақтау қаласынан қашықтығы – 250-600 шақырым шамасында. Орташа дәрежелі жер сілкінісінің үшеуі Оңтүстік Каспий айдынында, ал біреуі –  Красноводск қаласы ауданында байқалған. Олардың тереңдігі 60 км, күші 4,2 балл.Бақылау нәтижесінде Өзен мұнай-газ кен орны ауданында 1,7 балдық, ал Алатөбе кен орны маңында 1,2-1,3 балдық жер сілкінісі тіркелген. Ондаған халықаралық, сейсмикалық стансалармен  жоғарыда атап өткен 2011 жылы Теңіз кен орнында 30 км тереңдіктен қарқынды жер сілкінісі тіркелді. Ресей Ғылым Академиясы сілкініс күшін 4,3 балға бағалады.

Ал, аймақта әдейі сейсмологиялық бақылау тұрақты түрде жүргізілмейді. Қысқа мерзімді ішінара жасақталған бақылаулар  тиянақты нәтиже бермейді. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіне қарасты сейсмология институты 2004 жылғы қаңтар айынан бастап 2005 жылдың тамыз айы аралығында аймақта қысқа мерзімді сейсмикалық бақылау жұмыстарын жүргізген еді. Бұл зерттеу қаражат жетіспегендіктен тоқтатылды. Бақылау нәтижесінде қарқыны төмен және ұсақ сілкіністер тіркелді. 

Біле білсек, сейсмикалық ахуал жер шарының бірталай аймағында айналмалы сипат береді. Сейсмикалық қарқын саябырланып, ұзақ мезгіл тылсым тыныштыққа жалғасады. Мұның соңы кенеттен белсенділік танытып, күшті жер сілкінісіне соқтырады.Қазіргі жағдайда Атырау аймағында мұнай саласының күшті инфрақұрылымдары іске қосылуда. Сондықтан да, кен орындарын игерудің экологиялық және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – еліміз үшін ең маңызды мәселенің бірі. Солай бола тұрса да, өндіріске енгізген мұнай-газ кешендерінің геодинамикалық жағдайларын тиімді бақылайтын жергілікті жүйе жоқтың қасы. Шынында да, тек қана жергілікті немесе аймақтық сейсмикалық үздіксіз мониторинг сілкініске бейімді жерлерді анықтап,  кейіннен геодинамикалық мониторинг жасақтауға қол жеткізеді. Бұл ретте үздіксіз сейсмологиялық және геодинамикалық бақылау қажет-ақ.

Мәселенің мәнісін айтып, шынайы пікір бөліскеніңіз үшін рахмет!

Сұхбатты  жүргізген Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

P.S. Міне, ғалымның бұл айтқандары тек болжам емес. Кен орындарын берекетсіз игеріп, экологиялық талаптарды сақтамасақ, техногенді жер сілкінісінен қашып құтыла алмасымыз анық.  Шынымен, сақтанған ғана сақтала алады. Сондықтан, мұнайдан тек еселеп пайда табуды ғана көздемей, оның жер бетіне келтірер залалын бағамдай білген де жөн болар.Ендеше,қарт Каспий қаһарына мініп, табиғи жер сілкінісі де белең алып жүрмесін деп тілейік!..

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button