Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады
Ардақты ағайын!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз».
Отан тағдыры үшін ортақ жауапкершілік – Қазақстанның табысты дамуының стратегиялық өзегі, осы жолдағы күш-қуатымыздың негізгі қайнар көзі.
Өйткені, бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері бірлігінің, ынтымағы мен өзара түсіністігінің арқасында Тәуелсіздігімізді нығайтып, әлемге танылып, әлеуметтік-экономикалық дамуда елеулі табыстарға қол жеткізіп келеміз.
Биыл өңіріміз біраздан бері болмаған су тасқынынан зардап шегіп жатыр, төтенше жағдай жарияланды. Су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілуде, жалпы алғанда ұзындығы 509,7 км қорғаныс бөгеті салынды. Алапат табиғи апатқа қарсы шараларға 12 413 адам жұмылдырылып, сын сағатында адам сенгісіз төзімділік пен табандылық танытуда.
Барлығыңызға да шын жүректен алғыс айтамын.
Қашанда ашық аспан астында кемел келешегімізді нығайтуда толағай табыстарға жете берейік!
⠀
С.ШӘПКЕНОВ,
Атырау облысының әкімі