«Мен – мінезі өте жұмсақ анамын»

мәдениет Жаңалықтар

Арамызда білімі мен білігі арқылы бедел биігіне көтерілген адамдар аз емес. Біз оларды көбіне іс басында ғана көреміз, ал қарапайым адами тұлғасын жан-жақты тани білмейміз. Міне, бүгін тұсауын кескелі отырған жаңа жобаның мақсаты – осындай жандардың ішкі дүниесіне үңілу, оларды әр қырынан тани түсуге ұмтылу. Бір сөзбен айтқанда, бейресми әңгімеге шақыру. Сонымен, Сыр-сұхбат алаңының алғашқы қонағы –  облыстық мәслихаттың депутаты, «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі, би өнері саласында өзіндік орны бар Гүлсина Байкенова.

%d0%bc%d3%99%d0%b4%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%b5%d1%82

– Гүлсина Ғарифжанқызы, сізді халық, ең алдымен, өнер адамы, этномәдени бірлестік жетекшісі, қайырымды жан, депутат ретінде жақсы таниды. Бұдан басқа сіз тағы қандай істі атқара алар едіңіз? Біз білмейтін басқа қырларыңыз бар ма?  

– Менің қоғамдық-саяси өмірім –  ең алдымен адамдармен, халықпен қарым-қатынасым. Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі өмір сүреді. Бұл дегеніңіз – сан алуан қызықты адамдар, түрлі тұлғалар, бірі екіншісін қайталамайтын салт-дәстүр деген сөз. Ол шығармашылық қызметіммен қатар, қоғамдық жұмысымды да алға жетелейді. Атқарып жүрген істерім өзара сабақтасып жатыр. Барша адамға, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға би үйрете жүріп, олардың проблемаларымен етене танысуға, соның бәрін тиісті орындарға жеткізуді ойлайтынмын. Міне, қазіргі депутаттық мәртебем осы арманымды жүзеге асыруға жол ашты. Мақтанып айтайыншы,  бойымда ұйымдастырушылық қабілетімнің жоғары екендігіне  көз жеткіздім.

– Кішкене кезіңізде  кім бол-ғыңыз келді, бүгінде үлгі тұтар тұлғаңыз бар ма?

– Бала кезімде үстел теннисімен айналысқым келетін. Боулингті де жаным сүйеді. Қазір бұл спорт түрлерімен шұғылдануыма уақытым жетпей жүр. Бірақ, алдағы уақытта міндетті түрде ден қоямын. Өнердің ауылынан да алыс болмағандықтан, биге көбірек көңіл бөлдім. Балет өнерінің дамуына үлес қосқан, шәкірт тәрбиелеуден, тер төге еңбектенуден еш жалықпайтын Болат Аюханов ағамыз секілді өз ісінің қас шебері болғым келеді. Ол – айтулы азамат, үлгі тұтуға лайықты тұлға. Сондай-ақ, қандай уақытта да төзімділік таныта білген біздің әжелеріміздей бола алсам, шіркін!

– Гүлсина отбасында қандай адам?

– Өзіңіз мені қандай адам деп ойлар едіңіз?

– Бәлкім, бала тәрбиесіне мұқият қарап, олардың алдында қаталдау көрінетін боларсыз?

– Бала тәрбиесіне салғырт қарамайтыным рас, бірақ, мен отбасында ас үй мен қонақ күткенді ұнататын мінезі өте жұмсақ анамын. Тағамдарды дәмді етіп пісіру қолымнан келеді, сондықтан шығар, үйімнен кісі арылмайды. Қонақ күту мен үшін әдеттегі іс іспетті. Егер мен үйде отырсам, шағын мейрам болады (бір күліп алды).           

– Бір нәрсеге өзек жара өкінген немесе қатты қуанған сәттеріңіз болды ма?

– Өмірімдегі ең әсерлі сәтім – алғаш ана атанған кезім. Ол сезімді қанша айтсам да, тілмен жеткізе алмаймын. «Аруға ана болған жарасады» деген ән жолдары бар емес пе? Ал, әлдебір маңызды шешім қабылдарда ақылыма ерік беретіндіктен, өкінген кезім болған емес. Ондай сәт дәл қазір ойыма да түспей тұр.

– Сіздің екі перзентіңіздің барын білеміз. Оларға не үйреттіңіз?

– Қыздарыма ата-ана үнемі қастарында жүрмейтінін түсіндіріп, шамам жеткенше өз беттерінше өмір сүруді үйреттім. Шамаларына қарай жұмсадым. Қазір бұған еш өкінбеймін. Керісінше, соның нәтижесінде олар өздері шешім қабылдап жүр. Шетелдерге сайысқа бару керек болса, алаңдаушылыққа бой алдырмаймын. Өйткені, олардың өмір сүре алатындарына сенемін.

– Алға қандай мақсат қойдыңыз?

– «Шектеусіз таланттар» атты мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған би мектебімді дамытсам деймін. Шәкірттерім өте талантты жандар. Әттең, тек өздерін таныту үшін мүмкіндіктері аз. Төрт қабырғаға қамалып отырған солардың күндерін  қызықты етсем ғой. Мақсатымның жүзеге асарына да сенемін, себебі, олар еңбектенуден жалықпайды. Билеріне қарап өмірге деген құштарлықты, ешбір қиындыққа мойымайтын төзімділікті байқаймын. Мектебімізге келіп жүрген жетім балалар да бар, олардың өз отбасыларын табуына көмектесіп, ортаға тартсам…

Ең бастысы, еліміз әлемдік қауіп-қатерден, экономикалық дағдарыстан шығуы үшін бірлігімізді сақтауға үлесімді қосатын боламын. Сонау тоқсаныншы жылдардағы дағдарыстан да халқымыз ауызбіршілігінің арқасында аман-есен шыққан еді. Сондықтан, бірліктің бағасы – мен үшін бірінші кезекте.

Гүлсина Ғарифжанқызы Байкенова – «Байкеновтер» балет студиясының, «Шектеусіз таланттар» атты мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған би мектебінің жетекшісі. Шәкірттері балет өнерінен облыстық, республикалық, халықаралық сайыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанды.

Байкеновтердің балет мектебінің құрылғанына 12 жылдан астам уақыт өтіпті. Ол тек Атырауда емес,  Қазақстаннан тысқары жерлерде де танымал. Тәлім алушылар әлемнің түкпір-түкпірін шарлап, беделді би байқауларынан жүлдемен оралып жүр. Ол осыдан екі жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап бал биі студиясын да ашты.

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз