Атырау облысында 23 миллиард теңгеге 19 инновациялық жоба жүзеге асады
2022-2026 жылдарға арналған жол картасы арқылы облыста жалпы құны 23 миллиард теңгеге бағаланған 19 инновациялық жоба жүзеге аспақшы.
Ол барлығы 400-ге жуық жұмыс орнын жаңадан ашуға мүмкіндік береді екен.
Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Бағдат Рүстемовтің айтуынша,мұнда да басымдық негізінен өсімдік пен мал шаруашылығына, сондай-ақ қайта өңдеу секторына берілген. Тек өткен жылдың өзінде 2,2 миллиард теңгеге бағаланып, 80-ге жуық жұмыс орнына шақталған 7 жобаны іске асыру межеленсе, оның бесеуі іске қосылды.
Олар – Махамбет ауданындағы көлемі 4 гектарлық «Жұмағалиев» шаруа қожалығының жылыжай кешені, Атырау қаласы аумағында ет орталығындағы сиыр сою және өнімін өткізу кешені, «Отбасы» шаруа қожалығына қарасты жаңбырлатқыш агрегаттың жәрдемімен екпелі шөп өсіру және «Әбуов» жеке кәсіпкерлігінің жем-шөп өсіретін шағын зауыты, Индер ауданындағы «Есбосынов» жеке кәсіпкерлігі қолға алған жаңбырлатқыш технологияның көмегімен көпжылдық мал азықтық дақылын өсіру жобасы.