Жарнама
Қоғам

Атырау облысы су тасқынына дайын ба?

Табиғаттың тосын мінезіне дайындықтың сыналатын сын сағаты жақын. Мәселен, облыс аумағында су қоймасы жоқ, жергілікті меншіктегі 1 гидротехникалық құрылыс Қызылқоға ауданы, Ойыл өзеніндегі Ералы су торабының техникалық жағдайы қанағаттанарлық. Алайда, бұл бейқам отыруға негіз емес. Бұдан бөлек, Жайық, Қиғаш, Шарон, Жем, Сағыз өзендері көктемгі мезгілде қандай мінез танытары да беймәлім.

Су тасқыны кезеңіне дайындық барысын, қазіргі ахуал туралы баяндаған облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабаев осындай елді дүрліктіріп, жағалыларды жағадан алған жағдайлардың алдын алуда Сағыз ауылының ішімен өтетін Ноғайты өзені өз арнасымен өтуі үшін оны тереңдету және бөгет салынуы қажеттігін айтып, тіркемелі мотопомпаларды алуды ұсынды.

– Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен халықты эвакуациялау мақсатында әкімдіктер 109 қабылдау пунктінің (сыйымдылығы – 15 983 адам) дайындығын тексерді және эвакуациялау үшін қажетті автокөлік санын көрсете отырып, эвакуациялау маршруттарын нақтылады. Төтенше жағдайлар министрлігінің нысаналы трансферттері арқылы республикалық бюджет есебінен төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін төмендету мақсатында Атырау облысында жобалар іске асырылуда.

Қаладан бұрын, даланы молынан басқан қалың қардың көктемдегі салдары қандай болмақ? Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Талапұлы айтып өткеніндей, көктемде тасқын кезінде негізгі басты мәселе ол – келген судың екпінін азайту, одан қорғану арқылы халық пен аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

– Тасқын судың қаупі мен зардаптарын азайту бағытында гидротехникалық құрылыстардың маңызы зор. Атап айтқанда, каналдар мен су тораптары тасқын кезінде суды тиісті бағыттарға бұрып, өзендердегі су деңгейін қалыпты ұстауға қолданылады. Қазіргі уақытта суды реттеу нысандарының жағдайы қалай, қаншасы жөндеуді қажет етеді, қаншасы жөнделуде? Қандай шешілмей келе жатқан мәселелер бар? — деп сұрақты төтесінен қойған ол әр жауапты тараптардан толымды жауап ала алмады.

Өйткені, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы бастығының міндетін атқарушы Тұрлан Сүлейменов осы жылы келетін су қоры туралы мәліметтің жоқтығын алға тартып, себебін өзгелерге өңгере салды. Оның айтуынша, «Казгидромет» РМК ел аумағындағы өзендердің бассейндеріндегі ылғал қорының жиналуы туралы алдын ала анықтама да, нақты болжам да бермеген. Баяндамашының сөзінен ұққанымыз, облыстағы 31, яғни барлық гидротехникалық құрылыстарға тексеру жүргізілген. Оның 10-ы қанағаттанарлық жағдайда болса, 21-і жөндеу жұмыстарын қажет етеді екен.

– Көптеген гиротехникалық құрылыстар өткен ғасырдың 60-80-ші жылдары пайдалануға берілген. Олардың 60 пайыздан астамы тозған. Оның нәтижесінде қауіпсіздігі мен сенімділігі күрт төмендеген, — деп жағдайды түсіндірген Тұрлан Бердіғалиұлы әрі қарай су қоймаларын пайдалану тәртібі туралы кеңінен айтып берді.

Қазіргі таңда өңірде «Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде Махамбет, Алға ауылдарында Жайық өзені жағалауларын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл екі жоба 2021 жылы басталды.

Су басу қаупі бар аймақтар Миялы, Жангелдин, Жасқайрат ауылдары мен Аққора елді мекені. Аудан әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасары Ерболат Иғалидің айтуынша, су басу және су тасқыны қаупі негізінен жалпы ұзындығы 800 км аудан көлемімен өтетін

280 км-ге созылған Ойыл, Сағыз (жалпы ұзындығы 650 км, аудан көлемімен өтетіні 220 шақырым) өзендері арқылы келеді. Аудан көлеміндегі автомобиль және теміржол магистральдарында орналасқан құбырлар мен көпір ғимараттарының, шлюздер мен қорғаныш бөгеттерінің су өткізгіш жағдайлары толықтай тексерілді.

Қазіргі таңда аудан бойынша жалпы ұзындығы 29770 м. болатын бөгеттердің жағдайы қанағаттанаралық күйде, мемлекеттің актілері жасақталған. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлік субъектілермен көлік құралдары, жанаржағармай, қонақ үй және тамақтандыру бойынша келісім шарттар мен меморандумдар жасалды.

Апаттың айтып келмейтінін ескерсек, «тілсіз жаудың» қатерін сейілтетін қорғаныс бөгеттері екендігі белгілі. Осы орайда, жаға бекіту шараларының барысы жайлы баяндаған Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев өңірдегі қазіргі ахуалға тоқталып, алда біраз жұмыс күтіп тұрғанын мәлім етті.

– Қазақта «су – тілсіз жау» деген нақыл бар. Осы бір айтып келмейтін табиғат құбылысына жан-жақты дайын болуымыз керек. Бұл осы жерде отырған барлығымызға сын, — деген облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жауапты органдар басшыларына бірқатар тапсырма берді. Қалай болғанда да төтеден келуі мүмкін тасқын суға сақадай сай болуымыз қажет. Оған дейін сын сағатты болжамай, оның алдын алған тиімдірек-ау.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button