«АТЫРАУ» ГАЗЕТІНДЕГІ ЖАҢАЛЫҚ
«Газет ішіндегі газет» форматындағы алғашқы қосымша «Бизнесмен» деген атаумен былтырғы жылдың ақпан айында жарық көрген болатын. Онда жеке кәсібімді ашып, отандық өндірісті өрістетемін деп талаптанушыларға насихаттық-түсіндірме тұрғысынан нақты көмек берілген болатын. Бұл бастама, әсіресе, алыс ауылдардағы жас кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болғаны даусыз.
Редакция биыл «Темірқазық» аталатын тағы бір танымдық қосымшаның тұсауын кесті. Мұнда еліміз алдына мақсат етіп қойған озық 30 елдің қандай мемлекеттер екендігі хақында (жер көлемі, халық саны, экономикасы, салт-дәстүрі, мәдениеті, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, туризмі, ұлттық ділі, т.б.) жан-жақты мағлұмат берілді. «Темірқазықтың» әр саны бір ғана елді таныстыруға арналады. Қазірдің өзінде қосымшаның «Австрия», «Австралия», «Бельгия» елдері туралы кеңінен баяндаған нөмірлері жарық көріп үлгерді.
Жуырда «Атырау» газеті отбасылық өзекті мәселелерді толғайтын «Шаңырақ», құқықтық және заңдылық проблемаларын қаузайтын «Әділет әлемі» деген тағы екі қосымшаны жарыққа шығарды. Олардың алғашқы сандарынан-ақ көтерер жүгінің жеңіл емесі, оқырманды толғандыратын жайларды дөп басуымен ерекшеленетін жаңа жобалар екендігі анық аңғарылады.
(«Егемен Қазақстан», 26 маусым, 2014 жыл).