Жарнама
Қоғам

Атырау-Астрахан тасжолы: құрылыстың қарқыны баяу

Көптің көкейіндегі сұрақтың жауабын білмекке «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы басшылығына хабарласып көрдік.

Компанияның Атырау облысындағы филиалының директоры Болатбек Айтбековтың айтуынша, жалпы ұзындығы 277 шақырымды құрайтын күрежолдың бүгінде 132 шақырымы жөнделген және мал айдау өткелдерінің құрылысы аяқталыпты. Олардың жалпы саны – 14. Көпірлерде де құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатқан көрінеді.

– 4 құрылыс учаскесінен тұратын «Атырау–Астрахан» жолының құрылысына 470 бірлік арнайы техника мен 600 жолшы маман жұмылдырылды. 5 асфальтбетон зауыты жұмыс істеп тұр. Асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселген сайын күрежолда қозғалыс қамтамасыз етіліп келеді. Былтырғы құрылыс маусымы аясында 80 шақырымға жаңа асфальт төселді, — деді филиал басшысы.

Тоқталып өтер болсақ, бүгінге дейін Жанбай ауылынан Аққыстауға дейінгі аралық 19,5, «Құрғақ» көпірінен 17-ші разъезге дейінгі аралық 18, Байшақа көпірінен Исатай ауданы басталатын тұсқа дейінгі аралық 15, Құрманғазы ауданынан Атырау қаласына қарай 18 шақырым жол төселген. Ал, Тұщықұдық және Жанбай ауылдарының ішіндегі жолдар – 6,5 шақырымды құраса, Тұщықұдық ауылынан Атырау қаласына дейін 4 шақырым жол жөнделген. Жалпы Атырау– Астрахан трассасының 80 шақырымына көлік жүре бастады. Бірақ, бұл жолдардың толық жөнделіп бітпегенін айта кетуіміз керек. Тасжолдың беткі қабатын төсеу жұмыстары биыл жүзеге асады.

Жергілікті халық жұмысы толық аяқталмаған жолдың уақытша болса да ашылғанына тәуба деп отыр. Бірақ, әлі де болса айналма жолдар бар. Ал, құрылыс жұмыстарының жоспардағыдан кешеуілдеу себебін компания басшылығы былай түсіндірді:

– Атырау өңірінде тас карьерлері жоқ. Бұл – құрылыс барысында орын алып отырған ең негізгі проблема. Құрылыс жұмыстарына қажет қиыршық тасты

темір жол арқылы тасымалдау үшін вагондар керек. Уәкілетті органдар жүргізген келіссөздер аясында қиыршық тасты тасымалдау үшін жартылай вагондармен қамтамасыз ету мәселесі ішінара шешілді. Атырау–Астрахан күрежолы жобасы аясындағы қажеттілік 24 мың жартылай вагонды құрап отыр. Биыл оның тек жартысы ғана қамтамасыз етілді. Бұл – 11,5 мың жартылай вагон, — деді Болатбек Айтбеков.

Одан бөлек жанар-жағармай тапшылығы, бағаның баскөзсіз өсуі де жол бойындағы жұмыстарға көп кедергі келтірген.

«Дизель жанармайының тапшылығы мен қымбатшылығы құрылыс жұмыстарына кері әсерін тигізді. Дизельдің литрі 200 теңгеден 450 теңгеге дейін жетті. Қымбаты былай тұрсын, жанармай таппай қалдық. Жол битумы да тапшы болды. Премьерминистр өз қолына алып, квота арқылы реттемегенде мұны да шешу оңайға соқпайтын еді. Осы мәселелер қалпына келгенінше біраз уақыт өтті. Қазір қысқы дайындық жұмыстары ғана жүріп жатыр. Былтырғы құрылысты температуралық режимге байланысты тоқтаттық» дейді филиал директоры.

Қайткен күнде де жолды пайдалануға беруіміз керек. Сол себепті трассаны бұрынғыша Тұщықұдық, Аққыстау ауылдарының арасымен жүргізіп жатырмыз. Кейін қаржы мәселесі шешілген соң ауыл сыртымен айналатын жол бөлігімен айналысамыз. Былайша айтқанда, бұл уақытша қолданылып отырған шара деуге болады. Оның үстіне осы екі ауылды жалғайтын тасжолды жөндеп беруді де өз міндетімізге алған едік. Сондықтан бұл шаруаның да біте бергені дұрыс, — дейді «ҚазАвтоЖол» компаниясының өкілі.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button