«Атырау-Ақпарат»-тың бұрынғы басшысы жаңа қызметке тағайындалды
«Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің бұрынғы бас директоры Ысқақ Егембердиев жаңа қызметке тағайындалды.
Егембердиев Ысқақ Дүйсембайұлы «Айқын — Литер» серіктестігінің директоры болып тағайындалды
Жаңа басшыны ұжымға «Nur Media» холдингінің бас директоры Руслан Әлішев таныстырды.
«Сәт сайын өзгеріп жатқан әлемде ақпарат кеңістігі атомдық жылдамдықпен дамып келеді. Медиасеріктестіктің алдында да үлкен міндеттер тұр. Маған сенім білдірген «Аmanat» партиясы басшылығына ризашылығымды білдіремін. Еңбек жолымдағы барлық тәжірибемді медиахолдингті одан әрі жетілдіруге, дамытуға жұмсайтын боламын» деп атап өтті «Айқын — Литер» серіктестігінің жаңа директоры Ысқақ Егембердиев.
Ысқақ Дүйсембайұлы 2019 жылдың сәуір айынан бастап екі облыстық, жеті аудандық газет, 11 сайт және үлкен баспаханадан тұратын үлкен құрылым — «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі директорының орынбасары, бас директоры болып қызмет атқарды. Осы уақыт аралығында мемлекеттік саясатты түсіндіру мен насихаттауда өзіндік орны бар холдингте дәстүрлі журналистикамен бірге, интернет медиа саласы да қарқынды дамыды. Оған қоса, серіктестіктің шаруашылық, өндірістік, қаржылық бағыттағы жұмыстары да жолға қойылды. Бұл ретте Ысқақ Егембердиевтің медиахолдинг басшысы ретінде талапшылдық пен табандылық үлгісін көрсете білгенін айта кеткен жөн.
Ысқақ Егембердиев 1983 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген, журналистика магистрі. Экономика магистрі,
PhD докторанты. Еңбек жолын 1998 жылы Жезқазған қаласындағы «Сарыарқа», “Мысты өңір”, Сәтпаев қалалық “Шарайна” газеттерінің тілшісі болып бастаған ол әр жылдары «Жас Алаш» республикалық басылымының тілшісі, “Қазақ университеті” газеті бас редакторының орынбасары, “Айқын”, «Қазақстан-Заман» газеттерінің штаттан тыс тілшісі, «Хабар» агенттігінде редакторы, шеф-редактор, продюсер қызметін атқарған. Бүгінгі тағайындауға дейін «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің бас директоры болып еңбек етті.
«ATPress.kz»