Атыраулықтар Джакартаға аттанды
Қазан айының 6-сы мен 13-і аралығында Индонезияның Джакарта қаласында ІІІ жазғы Паралимпиадалық Азия ойындары өтеді. Сары құрлықтың спортшыларының басын қосатын байрақты бәсекеде ел намысын 124 спортшы қорғамақшы. Қазақ елі үміт артып отырған осы саңлақтардың құрамында 21 атыраулық бар.
Паразиадада жалауымызды желбіретеді деген жорамалымыз басым спорт түрі – отырып ойнау волейболы. Негізгі құрамның 90 пайызын жерлестеріміз құрайтын команда Азиядағы азулы топтың бірі. Бұл додада Бауыржан Тахауов бастаған волейболшылар сапында Ақылбек Шикібаев, Александр Демеуов, Бауыржан Сартаев, Расул Иманғалиев, Жанғали Сүйеуов, Нұртау Мұқанбетқалиев, Берік Ізмағанбетов, Пердейбай Намұратов, Қуаныш Тәжіков, Ерлан Битеміров сынды жергілікті спортшыларымыз өнер көрсетеді.
Жүлдеден құр қайтпайды-ау деген дзюдошыларымызды Жандос Қиянов бастап барды. Татами шеберлерінің сапында осы жолы әлем чемпионатының жүлдегері Ануар Сариев, парадзюдодан әлем кубогының иегері Дәулет Теміржан, Азия чемпионатының жүлдегері Темірболат Ташекеновтер күш сынасады.
Сондай-ақ, дүбірлі додада Гүлнар Иманалиева бастаған үстел үсті теннисшілер командасы бақ сынамақ. Оның құрамында жерлестеріміз Ерлан Қазиев, Раушан Орынбаева, Жұлдыз Ерубаева, Әсел Ғазизова және Кеңгес Кониев бар.