Атыраулық дзюдошылар үш алтын, екі қола медаль иеленді
Атыраулық жас дзюдошылар Қазақстан чемпионатында үш алтын және екі қола медальді иеленген дзюдошылар тамаша ойын үлгісін көрсетті, деп хабарлайды Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Қыздар арасында 52 келі салмақта Ақжол Қайыпхан чемпион атанды. Ол ақтық сында алматылық дзюдошы Нұрсұлу Ералиеваны айқын басымдықпен ұтып шықты. Ал 48 келі салмақта Әйгерім Төреғожина қола медаль еншіледі. Аса ауыр салмақ дәрежесінде Саида Қапсалықова өзінің жоғарғы дайындығын көрсетіп, қарсыластарының барлығын тізе бүктірді.
60 келі салмақта өнер көрсеткен Сейілхан Қанат пен Азамат Жексенбаев қос медальді еншіледі. Жарыс қорытындысы бойынша атыраулық команда жалпы есепте екінші орынға табан тіреді.
Айта кетелік, 5-6 сәуір күндері Өскемендегі «Жекпе жек» спорт кешенінде Талғат Ақтаевты еске алуға арналған дзюдодан 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өткен болатын.
Хорлан Смадияр