Атыраулық белгілі визажист бетті қалай күту керек екенін айтты

S lulyi sikyiryi2 Қоғам

Жылдар өткен сайын терінің солыңқырап, жас кездегідей балғын болмайтынын нәзікжандылар жақсы біледі. Әрине, табиғи заңдылыққа қарсы тұру қиын. Бірақ, әйел заты қашан да бет күтімін сақтауы тиіс. Мейлі, апта сайын косметологтарға бармасын, бірақ, үй жағдайында міндетті түрде тазалау, крем жағуды әдетке айналдырғаны жөн. Қаладағы «Пантера» сұлулық салонының негізін қалаған Эльмира Серікқалиқызы барлық қыз-келіншектерге осындай кеңес береді. Сыпайылық пен инабаттылық қасиеттерін бойға сіңірген ашық-жарқын жанмен әңгімелесудің өзі ғанибет екен. Әдемілікті сақтау, боянудағы заманауи әдістер мен косметикалар туралы айта отырып, екі сағатқа жуық уақыттың қалай өткенін де білмей қалыппыз.

Сұлулық сикыры

Бір адамдар ұзақ жылдар еңбек етіп, тәжірибе жинақтап, әбден есейген шағында ғана өз кәсібін ашып жатады. Сіз жас болсаңыз да жеке ісіңізді бастап, өзгелерге үлгі көрсете білдіңіз. Оның үстіне, Атырауда «Пантераны» білмейтін жан кемде-кем шығар. Айтыңызшы, бәрі қалай басталып еді? Батыл қадам жасауға не түрткі болды?

– Бұл менің балалық шақтағы арманым десе де болады. Өйткені, анам: «кішкентай кезіңнен-ақ киім-кешекті өзің таңдап, бояуға жақын болдың» – деп үнемі айтып отыратын (күледі-авт.). Оқушы шағымда міндетті түрде бантигім мен аяқ киімімнің түсі бірдей болушы еді. Соған дейін қатты мән беретінмін. Тіпті, сабаққа күн сайын түрліше киініп баруды әдетке айналдырдым. Сөйтіп жүргенде, 10-сыныптан бастап бояну курсын оқып алдым. Әрине, ол кездері бұл сала қазіргідей дамымаған еді. 11-сыныпта макияж, кейін тырнақ өсіруді үйреніп алдым. Айналамдағыларға шаш үлгісін жасап, әрлендіріп, кірпік жапсырушы едім. Маған маңыздысы, пайда табу емес еді. Тек жанымдағылар әдемі болып жүрсе, соларға үлесімді қосып бояндырсам деген арман-мақсатым болатын. Осы істен өзім ләззат алатынмын.

– Сөзіңізді бөлейін, Аррle-ді «өмірге әкелген» әйгілі кәсіпкер Стив Джобстың естелігінен «табысқа жету үшін алдымен пайда табамын деп ойламау керек, тек үздіксіз, аянбай еңбек ету қажет» дегені ойыма түсіп отыр. Осы пікірді сіз де растағандайсыз. Ал, кәсіби шеберлігіңізді шыңдау үшін не істедіңіз?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, макияж жасау сол жылдары біздің нарыққа енді ғана ене бастаған еді. Алматы мен Астананың өзінде мастерлер бірен-саран болатын. Әрине, бала кезде ата-анам мұны әуесқойлық деп түсінетін. Мектеп бітіріп, Қытайға барамын дегенде де бастапқыда қарсы болғанмен, кейін рұқсатын беріп, мені қолдады. Онда академияда микроблейдинг, яғни, қас әрлеуді үйрендім. 2011 жылы елімізге алғашқылардың бірі болып осы әдісті енгіздім. Ал, бет әрлеуді Ресейдің Санкт-Петербург, Францияның Париж қалаларында оқып, білімімді шыңдадым. Инстаграм арқылы қалыңдықтарды суретке түсіріп, кәсіби макияжға дейінгі, сосын кейінгі сәттерді шығарып, бет әрлеудің өзі үлкен шеберлікті қажет ететінін көрсеткім келді. Тіпті, табысым аз болса да, сүйікті ісіммен айналысқанды жаным қалап тұратын. Сөйтіп, сұлулық салонын ашуды ұйғардым, ата-анам бұл ісімді демеп, маған үлкен қамқорлық жасады.

– Келін атана жүріп осының бәріне қалай үлгересіз? Күніңізді жоспарлайсыз ба?

– Мен үшін уақыт өте қымбат. Аллаға шүкір, әуелі ұшқан ұямда анамнан көрген тәлім-тәрбием, сонан соң екінші анамнан үйренгенім, әлі де үйренерім көп-ақ. Бұл жағынан менің жолым болды. Екінші анам мені ұдайы қолдап, кемшіліктерімді жасырып, жақсылығым болса оны асырып, бізге көмектесіп, жол сілтеп отырады. Кәсібімді жалғастыра беруге ешкім кедергі келтірмейді. Әрине, отбасылы болғаннан кейін кездесулерге баруды, түнімен жұмыс істеуді қойдым. Өйткені, күтетін қонағым бар, ата-анамды да құрметтеуім керек. Бұрын алғашқы клиентті қабылдау үшін таңғы сағат 5-те келіп, түнгі 12-де қайтатын кездер де болған.

Ал, алдағы күнімді міндетті түрде жоспарлаймын. Онсыз уақытты текке өткізгендеймін.

Сұлулық сикыры2

– Жастайынан сұлулыққа жақын болған бала кездегі Эльмираның отбасы, өскен ортасы қандай еді?

 – Әкемнің мамандығы – энергетик, анам – экономист. Қарапайым отбасындағы балалардың ортаншысымын. Алдымда – апам, өзімнен кейін сіңлім бар. Менің балалық шағым сүйікті ата-аналарым мен бақытты жанұяда өтті. Әке-шешем әрдайым қолдаушым болды. Мақсатыма жетуіме үлкен үлес қосты. Ол үшін алғысым шексіз.

Байқауымызша, «Пантераның» өзге сұлулық салондарынан өзгешелігі – оның жас, әрі талантты визажистерден ұйымшыл команда құра алуында деп есептеймін. Осы мақсатқа қалай жеттіңіз?

Сұлулық салонын ашқаннан кейін біз де оқыту курстарын ұйымдастырдық. Осы салаға икемді, көзінде үміт оты бар жастарды өзіміздің командаға шақырып, ұсыныс жасадық. Жұмысқа тұрғаннан кейін әр алты ай сайын Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларындағы академия-ларға шеберліктерін шыңдауға, визаж, макияж, тырнақ күтімі, шаш үлгілері бо-йынша оқуға жіберіп тұрдық. Расында да, біз өзімізді бір отбасының балаларындай сезіндік, бір-бірімізге бауыр ретінде қарап, қиын шақта қол ұшын беріп, қуанышына ортақтасып отырдық. Ешкім сенбейтін болар, бірақ, мен өзімді оларға басшы ретінде ешқашан сезініп көрмеппін. Олардың біразы жеке салондарын ашса, енді бірі Алматыда еңбек етіп жүр.

– Соңғы жылдары қыз-келіншектерге арналған психологиялық тренингтер көбейді. Осы тақырып қозғала қалса, біздің арамызда да пікірталас басталып кетеді…

– Жалпы, әйел затының қашан да жаңалыққа жаны құмар ғой. Өзім ондай шараларға қатысқанды ұнатамын. Мүмкіндік болса, тренингтерге барғанның несі айып? Оның ішінде өзіңе керегін ғана аласың. Арнайы курстарға барғанда да солай. Бірінен 2 пайыз қажетті мәлімет алсаңыз, енді бірінен 50 пайыз жақсы мағлұматқа қанығуға болады.

– Әрине, әйел мен әдемілік – егіз ұғым. Мереке алдында атыраулық нәзікжандыларға тілегіңіз… 

Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Ана, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының, Отанның мерейі. Әрқашан шаңырақтарыңыздың берекесі болып, үйіңізден жылылық кетпесін. Жүздеріңіз шаттыққа, көңілдеріңіз нұрға толы болғай. Әр әйел әдемі. Әдемілігімізді сақтай білейік!

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз