«Атыраудың» Лизасы
Ақ Жайықтың жағалауына жайғасқан «Атырау-Ақпаратқа» қарай жорға жүрісі тыйылмай, екі езуі жиылмай ажарлы келіншек жүріп келеді. Сырт көзге жасы қаншада екенін дөп басып айту қиын. Әйтеуір, көздері күн шуағымен шағылысып, күлім қағады. Жүзі балбұл жайнап, жұлдыздай жарқырайды. Ол – «Атырау» газетінің аға тілшісі Лиза Сейтімова.
Ширек ғасырдан астам ғұмырын журналистика саласына арнап келе жатқан жан жуырда ғана «бақыт» пәнінен қос «бестік» деген баға алды. Елу бес жастың белесіне шығып, сағым жылдармен сара жолдарға сәлем жолдап тұр. Осынау мерейлі сәттің аймақ айнасы – «Атырау» газетінің биылғы 95 жылдық тағылымды тарихы мен торқалы тойымен сәйкес келуі де тегін емес шығар. Ол осы редакция қабырғасында шығармашылықтың шыңына шығып, өз оқырмандарын тапты. Сөйтіп, еңбек жолын әлеуметтік салада тілші болып бастады. Ешкімге аша алмаған жан сырын жұрт бұған жайды. Ол да алдына келгендерді кеудесінен итермей, құшақ жая қарсы алды. Өйткені, оның жүрегінде бәріне де орын табылады.
Ол әлі де болса әлеумет әлеуетін мақала тақырыбына арқау етіп келеді. Көпке көмек беруден тайынған емес. Тіпті, қолдан келер қайран болмаса да, жылы сөзімен жан жұбатады. Әйтеуір, бөлмесіне кіріп-шыққан адам бейне бір дәрігердің не психологтың қабылдауынан өткендей болады.
Бірақ, «ердің жасынан астым» деп тасып жатқан ол жоқ. Оқырмандарының «әдемі келіншегі», «Атыраудың» «туған баласы», ағаларының аппақ «Лизогі» сол қалпынан тайған жоқ. Тіпті, бет-жүзінен де жылдар бедері байқалмайды. Құдды бір уақыттың керуен көшін кілт тоқтатып, жастық шіркінді жасырынған жерінен суырып алғандай.
Күміс күлкісі езуінде, тәтті сөзі тілінде, жылуы жүрегінде, талабы тілегінде, қалжың-қағытпасы қоржынында, бәрі – орнында. Тек қызметке алғаш кіріскен тоқсаныншы жылдардың басында иықтан төмен төгілген қолаң шашы ғана жетпей тұр демесеңіз, елгезек жан еш өзгермеген.
Құдай қосқан қосағы Жұбандық ағамызбен жұбын бір жазбайды. Оған әріптестердің ортақ қуаныштарында бас қосқан кезде көз жеткізгенбіз. Бірде дастархан үстінде отырған «әдемі келіншек» телефонына телміре қалды. Бойында сәл сабырсыздықтың белгісі бар. Содан, шыдамның шегі жетті ме, әлгі телефонға «Жорик, қайда кеттің?» деп тап бермесі бар ма?! Сөйтсе, әлгі «Жоригі» жанынан артық жақсы көретін жұбайы екен. «Жаны» жанына жайғасқанда ғана жаздай жадырап сала берді. Бұл қызыққа бастан-аяқ куә болған біз Бекежанға да бой бермеген Жібек пен Төлегенді көргендей сүйсіндік. Іштей «жарасымды жұп жазылмағай» деп тіледік. Міне, олардың арасындағы әдемі әзіл, ыстық ықылас, сыйластық сезім – кейінгі жастарға үлкен үлгі-өнеге.
Бүгінде ол жарасымды жанұя мен шаттығы шалқыған шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Өмірлік серігімен бірге өнегелі өмір жолын өрістетуде. Өздерінен өрбіген ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырды. Атап айтқанда, Ботагөз, Дәурен, Дархан атты балалары бүгінде ержетіп, ел үшін еселі еңбек етуде. Қазір қос бәйтерек олардың әрқайсысынан бірнеше немере-жиен сүйіп, құда-жекжат, ағайын-туыстың ортасында ата-әже атанып отыр.
Елу бестің биік белесіне баянды бақытпен, толайым табыспен, асқақ абыроймен, парасат-пайыммен жетіп отыр. Бұған әбден лайықты. Өйткені, айналаға үнемі әдемі әзіл, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүреді. Әріптестері әзілдеп айтатындай, «коридорда Лизоктың күміс күлкісі» сыңғырлап жатады. «Атыраулықтардың» жұмыс аптасы да оның «ватсаптағы» батихасынан басталады. Ондағы ойлағаны – бәрімізді бір мүддеге жұмылдырып, жігерімізді жану. Қиналғанда қасымыздан табылып, жұбататын да өзі.
«Біздің мейірімді Мона Лизамыз» деп те бекер айтпаймыз. Сол портреттегі бейненің бет-жүзіне бір қыртыс түскен жоқ, әріптесімізден де сондай көріністі байқаймыз. Ендеше, жыл құсындай келіп-кетіп тұратын туған күніңіз құтты болсын. Ұлағатты ұрпақ қызығына бөленіп, бақыт бағында жапырақ жайып, тамыры тереңге тартқан қос бәйтерек болып отыра бергейсіздер!
Еліміз бойынша журналистер арасында өткен «Жүректен жүрекке» ұлттық байқауының 2000 жылғы жеңімпазы, республикалық «Премьер-сақтандыру» конкурсының 2005 жылғы жүлдегері, 2004 жылдың қорытындысымен «Үздік журналист» атанды. Ал, 2006 жылы Тауман Амандосов атындағы сыйлықты иеленді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Тамаша мақалажарайсың, Амандық