Жарнама
Қоғам

«АТЫРАУДЫҢ» АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІ

Ойын басталысымен «тобылдықтар» шабуылға бірден кірісіп кетті. Алайда, қорғау жүйесін сәтті ойластырған алаң иелері допты қақпаның маңына жолатпай қойды. Екі команда да қаншама тырысып баққанымен, ойынның алғашқы кезеңінде есеп ашылмады. Үстемдікті өздеріне алған жерлестеріміз кейбір сәттерде мүмкіндіктерін іске асыра алмай да қалды. Бейбіттің алаң бұрышын дәлдеген добына Александр Петухов шеберлігімен жауап қайтарса, Артем Фоминнің тепкен добы қарсылас қақпасынан асып түсті. Кездесудің екінші кезеңінде ойын қыза түсіп, ойынының 71 минуттында алаң иелері есепті ашты. Голдың авторы атанған Сергей Куцов осыдан он жылдай уақыт бұрын елімізге Қырғызстаннан келген болатын. Қазақстандағы «Қайрат», «Қайсар» және «Жетісу» командаларында өнер көрсетті. Қазір «Атыраудың» құрамындағы ең белсенді ойыншылардың бірі.
«Атыраудың» голынан кейін қостанайлық ойыншылар шабуылды күшейтте түсті. Бірнеше қауіпті сәттер туды. Осы орайда, қақпашымыз Сергей Бойченконың шеберлік танытқанын атап өткен жөн. Ойынның негізгі уақытына төрешілер тарапынан төрт минут қосылғанымен, қарсыластар бұл мүмкіндікті пайдалана алмай, кездесу алаң иелерінің үлесіне 1:0 есебімен аяқталды.
Сондай-ақ, ел біріншілігінің жаңа маусымында кездескен «Тараз» бен оралдық «Ақжайық» және Павлодардың «Ертісімен» ойнаған өскемендік «Восток» командалары 1:1 есебімен, тең ойнады. «Жетісу» мен «Ордабасы» құрамалары арасындағы ойында есеп ашылған жоқ. Ал, өз алаңында қарағандылық «Шахтерды» қабылдаған ақтөбеліктер 3:1 есебімен қарсыласты тізе бүктірді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button