Атырауда көлік жүргізушісі жылыжай ашты
Бұрынғы көлік жүргізушісі Ғаділжан Баймолдин «Бизнес-кеңесші» бағдарламасының оқу курсынан өтіп, жылыжай шаруашылығын қолға алды. Сөйтіп, енді аудандағы алғашқы жылыжайдың қатарына екіншісі қосылды.
Ауылдағы тұрғындар көбінесе мал шаруашылығымен айналысады. Соған қарамастан, кәсіпкер тәуекелге бел буып отыр. Нәтижесі жаман емес секілді. Қазірдің өзінде 300 кило өнім жиналды.
– Осыған дейін егіншілікпен айналысып көрмеппін. Тіпті, өз бақшам да болған емес. Алдына мақсат қойып, соған ұмтылған жан жетістікке жете алады, — дейді кәсіпкер.
Екі жыл бұрын ол аудандық кәспікерлер палатасына жолығып, ақыл-кеңес алыпты. Палата мамандары «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша оқытудан өтуге кеңес береді. Оқу аяқталысымен, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жеңілдетілген несие алуға арыз беріпті.
– Несие алу оңай болмады. Дегенмен, 5 миллион теңге қаражатқа қол жеткіздім. Оны енді төрт жыл ішінде қайтару керек. Бұл жылыжай шаруашылығын қолған алған менің отбасым үшін қиынға соқпайды, — дейді Ғаділжан Баймолдин.
Жылыжайда қиярдың «гуннар» тұқымы өсірілуде. Мерзімінен 38-45 күн ерте пісетін көкөніс түрі тұзды топыраққа өте төзімді келеді. Оны голландиялық «Энза Заден» мекемесінің селекционерлері шығарған екен.
Амандық АБДОЛ,
Исатай ауданы.