Атың кім, айналайын?
«Қазір заман басқаша». Осы сөзді соңғы уақытта кез келген келеңсіздікті ақтап алар тұста негізгі сылтау ретінде айтатын болғанымыз рас. Шынымен де, «Бүгінгінің баласы», «Біздің кезімізде» деп басталатын әңгімеміздің соңы осылай аяқталатын болып барады.
Тіпті, ежелден келе жатқан игі ұстанымымыз – балаға ат қою мәселесінде де заманауи болуға тырысып-ақ келеміз. Қанат, Нұрбек, Айгүл, Самал сынды аттар сәннен қалғалы қашан!..
Ежелден адам баласымен қатар жалғасып келе жатқан осынау көне мәдениеттің қазақ халқы үшін алар орны ерекше. Нәресте дүниеге келген сәтте-ақ, сыйлы адамына оның атын қойғызу, ықыласын алу қанға сіңген әдетке айналған. Ұл болсын, қыз болсын есімінің ұлттық нақышқа, дәстүрге, халықтық наным-сенімге сай болуын қадағалаған.
Сол секілді белгілі бір оқиғаға орай қойылған есімдер де тарихта жиі кездеседі. Осы тұста соңғы уақыттарда елімізде өткен атаулы іс-шараларға байланысты қойылған сәби есімдері де жеткілікті. Саммитхан, Саммитбек, Азиада, Олимпиада, Сайлау есімді балалар бар екенін айта кеткен жөн болар. Бұл реттегі ең танымал бүлдіршін – Бәйдібекэкспо. «Біз Бәйдібек бабадан тараймыз. Сондықтан, ұлыма осындай ат қойғым келді. Ал, еліміз үшін жаңалық болған халықаралық көрме, рухани жаңғыру деп жатырмыз, сондықтан осы есімге тоқталдық,» — дейді баланың әкесі Мейрамбек Рсымов. Екі ұлдан кейін өмірге келген кішкентай бөбек бүгінде бір жастан асты. Үйдегілер оны Бәйдікен, ал, кейде Экспо деп те еркелетеді екен.
Жалпы, шариғатта әкенің бала алдындағы міндеті – жақсы ат қою. Халқымыз бұл іске жауапкершілікпен қараған. Шыны керек, қазіргі таңда өзіміз көріп отырғандай, намазға жығылған жамағаттың арасында есімін арабшаға аударып атайтындар да жоқ емес. Мәселен, күні кешегі Айбек, Серіктер әп-сәтте-ақ Әбдуррахман немесе тағы басқа арабша есімді иеленіп шыға келеді. Осы ретте жауапты органға тақырып турасындағы жайттарға қанық болу мақсатында сұраныс бергенбіз. Білгеніміздей, аттарын ауыстырушылар қатарында мұндай азаматтар да бар екен. Яғни, заңды түрде азан шақырылған атынан бас тартып, арабша есімдерге ауысқандар көп емес.
Осы ретте «мұсылманша есім міндетті түрде араб тілінде болуы шарт па?» деген сауалды теологтарға қойған болатынбыз. «Жоқ. Тек мағынасы дұрыс есім болса болғаны, – деп түсіндіреді мамандар. – Себебі, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мағынасы жаман есімдерді өзгерткен. Мысалы, «оттың шоғы» деген мағынаны білдіретін «Жәмра» есімді әйелдің атын «әдемі» деген мағынаны білдіретін «Жәмилә» деген есіммен ауыстырған. Сол сияқты «соғыс» деген мағынаны білдіретін Харб есімді ер кісінің атын «жақсы» деген мағынадағы «Хасан» деген атпен өзгерткен. Демек, Пайғамбарымыз қойылған есімдердің мағынасына үлкен мән берген. Бір хадисінде: «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Сондықтан, есімдеріңді жақсартыңдар» деп, Алланың алдына шақырылғанда жақсы есіммен шақырылуға назар аударған».
Теологтармен тілдесу барысынан білгеніміздей, қазақша аттардың ішіндегі Жомарт, Қайрат, Ерасыл, Нұржігіт, Ержігіт, Жанар, Әйгерім, Айсұлу, Күнсұлу сынды есімдер қазақша болғанымен, мұсылманша мағынадағы есімдер болып табылады екен.
Осы тақырып туралы ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұровтан түсінік беруін сұрағанбыз. «Дін жолына жаңа бет бұрған кейбір азаматтарымыз қазақша аттарын мұсылманшаға, яғни арабшаға ауыстыруымыз керек деп ойлайды. Бұл – дұрыс түсінік емес. Себебі, есімнің мұсылманша болуы арабша аталуы керек дегенді білдірмейді, мағынасы дұрыс болғаны керек. Пайғамбарымыздан «есімдердің ең жақсысы қайсысы?» деп сұрағанда, Аллаға сүйкімді есімдердің ең жақсысы Абдулла және Абдуррахман деп атады. Алланың Рахман, Рахим, Хаким, Ғазиз сынды 99 есім сипаты бар. Пайғамбарымыз осыған «Абду» сөзін қосып қоюды атап өткен. Ол – құл, яғни Алланың құлы деген мағынаны береді. Сол секілді сіз айтып отырғандай, қазіргі қоғамда мынадай бар: дінмен өмір сүре бастап, өзін дінге бұйырады да, жап-жақсы есімін арабшаға ауыстырады. Алла жолында жүргендіктен атымды өзгертуім керек деген шарт та, бұйрық та, талап та жоқ. Әсіресе, осы үрдіс жастар арасында белең алуда. Бұны тура жолдан адасып, теріс ағым жетегіндегілердің ісі немесе еліктеушіліктен туындаған қадам деп түсінуге болады» дейді Батыржан Берденұлы.
Ал, ҚР Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев тақырып төңірегіндегі ойын былайша өрбітеді: «Ат қою – игі дәстүр. Халқымыз ежелден-ақ келер ұрпағының мәнді де мағыналы ғұмыр кешуіне септесу мақсатында мағынасы терең, мәні зор аттарды қоюға тырысқан. Ел ақсақалдары, әулеттің сыйлы адамдары, ет жақын туыстары өмірге сәби келген сәтте-ақ лайықты ат табуға талпынады. Сондай-ақ, бұрындары маңдайы нұрлы болып туған баланың тіл-көзден аман жүруі үшін оған әдейі Итаяқ, Жаманбала, Мырқымбай секілді есімдер қойған. Бірақ, қазір мұндай аттар мүлдем жоқ. Бұл жаһанданудың белгісі екені сөзсіз. Десек те, соңғы уақытта діни бағыттағы есімдер ел ішінде белең алуда. Осы тұста дүниеге енді ғана келген шаранаға Мұхаммед сынды есім қою ауыр емес пе?».
Бұл сұраққа дін саласының мамандары: «Жақсы ат қою – Пайғамбардың сүннеті. Балаға Пайғамбарлардың, сахабалардың, үлкен ғалым-ғұламалардың, батырлардың есімдері тәбәрік ретінде және лайым солар сияқты болғай деген ниетпен қойылады. Бұл – құп көрілетін амал. Ал, баланың ертеңгі күні қалай өмір сүретіні атына емес, ата-анасы мен қоршаған ортасынан алған тәлім-тәрбиесіне байланысты болмақ. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» деген қанатты сөз осыған мысал болмақ. Яғни, баланың есімі оның тағдырына әсер етпейді. Мұхаммед есімі балаға ауыр келмейді. Мінезі жұмсақ, Алла алдында мақталған пенде болсын деген тілектен туындаған, ол – әбестік емес» дейді.
Қашан да ырымға сенгіш халқымыз ұрпағының ұлы адамға ұқсағанын қалап, сол мақсатта ат қояды. Бұл тізімді Нұрсұлтан есімді бүлдіршіндер бастап тұр. Бірақ, біз таң қалдырудан жалыққанбыз ба?! Баласы Елбасы болсын деп армандаған қазақтың қиялында шек жоқ. Мәселен, Жамбыл облысында дүние-ге келген сәбидің есімі — НұрӘбиНаз. Яғни, Қазақстан Президентінің аты, әкесінің аты, тегі қысқартылып, бір есім болып шыққан. Бұдан әрі бұл тізімді Бауыржанмомыш, Ева-Арабелла секілді есімдер жалғай береді.
Түйін
Тақырып турасындағы пікірлерді келтіре отырып, соңғы түйінді сөзді сіздің еншіңізге қалдырдық. Қалай десек те, бала болашағының «жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөз аясында өрілетінін естен шығармасақ екен.
Міне, қызық!
Еліміздегі ерекше есімдердің бірі — Бәйтерек. Бұл таңдау ұрпағының тамыры тереңге жайылсын деген тілектің жемісі ме, Астананың символының құрметіне ме, бізге беймәлім! Ал, 2013 жылы Теміртау қаласында туған баласына Ёлка деп ат қойған ата-ананың қылығын түсіне алмай, таң болғанымыз анық!
Танымал есімдер
ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің ресми сайтында жария етілген мәліметтерге сүйенсек, былтыр қыздар арасында Қазақстан бойынша Айзере есімі танымалдылыққа ие болған. Бұл есімді былтыр 4934 сәби иеленіпті. Екінші орында 4873 сәбиге берілген Айару, одан кейінгі үздік үштік қатарында 4765 бөбекке берілген Раяна есімдері бар. Олардан кейін Айша, Кәусар, Айлин, София, Аружан есімдері тұр екен.
Ал, ұлдар арасында үздік үштікке Әлихан (3560), Нұрислам (2731), Айсұлтан (2730) есімдері енген. Танымал есімдер қатарында Санжар, Ерасыл, Мирас, Әмір және Әли де бар.
Ерекше есімдер
Статистика бойынша, Қазақстанда Нью-Йорк, Атланта, Рим, Астана, Мекке-Мәдина, Қазақстан, Ромео, Царь, Эдельвейс, Теңіз, Саша Александр Людовик, Қошкелді, Кришна, Василиса-Мейрим, Венеция, Қасиет-Раббым, Клеопатра Алина, Нина Жания Кулянда, Октавия, Сюзаннавиктория, Абдусаиднұрисламхан, Еділжайық, Кайраткер, Керімзат, Өміржалғас, Саммидастана, Тараз, Хазретсұлтан, Адал би секілді азаматтар мен азаматшалар да тұрып жатыр. Комитеттің тағы бір дерегіне сүйенсек, Гагарин, Мәжіліс, Мәслихат, Пионер, Нұрлыжол, Нұротан, Сенат, Партия деген атауларды да иеленген адамдар бар екен.
Көп туу көрсеткіші
Маңғыстау облысында тіркелген. Ал, ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі.
Гүлжан Әмірова