АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН
Жұлдыздай аққан талант
Ол – Құрманғазы мен Динаның отанында өнер аспанында жұлдыздай ағып өткен, біртуар тұлға. Киелі Нарын өңіріндегі бойында талабы бар жастарын өнерге баулыды. Мектепте, ауданда ұлт аспаптар оркестрін құрды. 1955 жылы ауыл-село көркемөнерпаздарының облыстық байқауында «Облыстың бас домбырашысы» деген атақты иеленді. 1956 жылдың көктемінде Республика көлемінде көркемөнерпаздар байқауы шеңберінде оның жетекшілігімен Новобогат аудандық оркестрі өнер көрсетті. Сол тұста академик Ахмет Жұбанов домбырашылық атағы алысқа жеткен Ғибатолланы іздеп келіп, оның орындауындағы Құрманғазының «Байжұма», «Терісқақпай», «Адай», «Кісен ашқан» күйлерін тыңдап, Құрманғазының бұрын жарияланбаған екі күйін нотаға түсіріп алды, тарту шеберлігіне тәнті болған Ахаң оны Охаб Қабиғожинге теңеді.
1957 жылы ол оркестр Гурьев қаласындағы 500 адамдық оркестрдің негізін құрады. Оркестрді дайындауға Ахмет Жұбанов пен Нұрғиса Тілендиев келді. Ғибатолла оларға көмекші болды. 1958 жылы музыка зерттеушісі, композитор Хабиболла Тастанов Ғибекеңмен кездесіп, «Құрекеңнің шығармаларын сіздей шебер, кемеліне келтіре орындаушыны бұрын кездестірген жоқпын» деп баға берді.
«Жақсы адам тегіне тартады» деген бар. Ғибатолланың атасы Нығымет кезінде діни дәріс алған, жан-жақты оқу-тоқуы бар, кез-келген ортада сөз бастап, ой-пікіріне сендіре алатын, елдің зиялысы, ақынжанды да болған адам. Ал, әкесі Мәсәлім әкесінен үйреніп, өлең-хиссаларды жатқа білген, домбыра тартқан. Анасы Күндей ата жұртына өнер мен береке дарыған, аймаққа белгілі Мырзағали қажының қызы еді. Осындай ортада бүршік жарып, өсіп келе жатқан баланы отызыншы жылдарда елге келген қасірет-зобалаң «халық жауы» атандырған атасынан, Ұлы Отан соғысы басталғанда соғысқа аттанып, 1942 жылдың күзінде Ленинград шайқасында қаза тапқан әкесінен айырды.
Анасы Күндейдің бауырында үш қарындасымен жетім қала берді. Туғаннан бойында жігер-жалыны байқалған бала алға ұмтылды. 1942 жылы Бабан ауылдық кеңесіндегі Сталин атындағы мектепті бітірісімен мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді курстан өтіп, Нарын құмындағы ауыл мектептерінде орыс тілінен сабақ берді. Кейін Орал қаласындағы Пушкин атындағы педагогикалық институтын бітірді. Өмірінің соңына дейін ұстаздық жолдан айнымады.
Музыкалық білімі болмаса да жастайынан аспаптардың бірнеше түрін меңгерген, оның ішінде домбыраның құлағында ойнаған, сирек кездесетін суретші, үздік қолөнерші де еді. Оның қолынан ою жасау, іс тігу, ер қашау, етік жамау, бәрі-бәрі келетін.
Күйші мен ақын
Ғибатолла қазақтың белгілі ақыны Мақсот Неталиевпен Тұщықұдықта бір топырақта туған, білім саласында бірге қызметтес болған. Ақын домбырашыға арнаған «Көркем ханым» атты балладасында:
Ақбоз үй – аузы-мұрны толған адам,
Күй кетті қос ішіктен сорғалаған.
Домбыра құдіретін өзге түгіл,
Жаратқан құдайың да болжамаған?!- деп суреттей келіп,
… Тұрады «Көркем ханым» күлім қағып,
Тұрады көз алдымда сол бір Адам! — деп түйіндейді. Шын өнерге өлеңнен ескерткіш соғу деген осы-ақ шығар!
Махамбет атындағы республикалық сыйлықтың иегері, ақын Нұралы Әжіғалиев те осы ұстаз алдынан өткен.
Ақын күйшіге арнаған өлеңінде құм адамдарының тас қыстау төрінде домбыра тартқан қара жігітке қарап, қыбыр етпей тыңдап, құдіреттен жанарларын ала алмағанын айта келіп:
Саусақтар перне қуып құлдырайды,
Көздері шал-кемпірдің бұлдырайды.
Тынғанда төкпелетіп «Төремұрат»,
Шолпысы «Айжан қыздың» сылдырайды, — деп көркем суреттейді.
Шәкірттері – ел мақтанышы
Ұстазына қарап ой түзеп, бой түзеген шәкірттері көп. Олардың қай-қайсысы да бұлақтың басы Ғибекеңнен басталғанын мақтаныш етіп отырады.
Алматы қаласында тұратын Задош Құсайынов дәрігер мамандығын алса да ұстазынан жұққан өнерін өміріне серік еткен жан. Ол бесінші сыныпта басқа жақтан Амангелді атындағы орта мектепке ауысып келгенде сынып жетекшісі Ғибатоллаға кездеседі.
Келген бетінде балаларға таныстырып, сабақтан кейін жеке алып қалып, кімі барын, қайдан келгенін, қандай өнері барын сұрайды.
— Аздап мандалин тартамын, сурет салуға талабым бар, — дейді бала.
— Жақсы болды, мектепте оркестрде мандалин ойнайтын ешкім табылмай жүрген — дейді мұғалім. Сырттан келген «жаңа оқушының» мандалині жоқ екенін білген Задош өзінің мандалинін пайдалануға береді.
Сол мандалин жасы сексенге таяған дәрігерде әлі сақтаулы. Жетпіс жылға таяды, ұстазы еске түскенде, үйіне жора-жолдастары келгенде Ғибекеңнің көзіндей көретін аспапты қолына алып, сол бір сағынышты саздарды ойнайды.
Атырау қаласында тұратын Алдамберген Хамзин де сегіз қырлы, бір сырлы.
— Мен ол кісіні пір тұтамын, өнердегі ұстазыма арнап «Күй аға» атты күй шығардым, — дейді «Құрмет белгісі» орденімен, «Республика халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған А.Хамзин.
Айтпақшы, суретші балалар атанған Задош, Алдамбергенмен қатар олардан бір сынып жоғары оқыған, кейін елімізге танымал атақты суретші болған Шаймардан Сариевке қабырға газетін шығаруға, сурет салуға тапсырма беріп, өнердің осы түріне баулыды. Задоштың ақ қағазға қара қарындашпен айнытпай салған Ғибекеңнің портреті бүгінде өздері түлеп ұшқан мектепте ілулі тұр.
Ғибекеңнің өнердегі ізбасарлары Сағын Жалмышев, Әзидолла Есқалиев, Ғатау Ибішев, Нариман Үлкенбаев және басқалар – Атырау күй өнерінің мақтаныштары.
Сарғайған дәптерде
Ғибекеңнің ұрпақтары маған әкелері жайлы кітап шығаруға қолқа салғаннан кейін мен туа біткен талант иесі Ғибатолла Мәсәлімов жайлы біраз дүниелер жинақтадым. Сондағы тапқан бір олжам – Ажар апайдың сандығында сақталған жеке құжаттарының ішінен өз қолымен жазған, сарғайған екі-үш дәптер болды. Онда ел аузынан жазып алған атақты би-шешендердің айтқандары бар еді. Дәптердің басына Ғибекең былай деп жазыпты:
«Қадірлі азаматтар! Бұл жазбамда қазақ халқының билері Сырым, Малайсары, Атағозы, Бөкен, тағы басқалардың аздаған сөздері, хандар Нұралы, Қаратай, Өзбек және басқалардың көкірек көтерген қылықтарына билердің айтқандарынан үзінділер келтіріледі. Аз сюжетті, қысқа. Айып етпессіздер»
Ғибатолла Мәсәлімов,
10 желтоқсан 1945 жыл».
Дәптердегі осы асыл мұраны мен 2010 жылы «Ағатай» баспасынан шыққан «Біртуар» атты кітапқа енгіздім.
* * * *
Ғибатолла – шәкірті, экономика ғылымдарының докторы Жәмел Ихданов айтқандай, «Халықтың аласармас бәйтерегі». Ол 1960 жылы небәрі 35 жасында өмірмен қоштасты. Өнердің шынайы тұлғалары қашанда өрге өрмелейді. Тура 35 жыл өткеннен кейін Ғибекеңнің 70 жылдығы облыстық деңгейде атап өтіліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен өзі ұстаздық еткен мектепке аты берілді.
Оның өнер жолын жас ұрпақ жалғастыруда. Осы мектептегі «Көңіл күйі» фольклорлық ансамблі облыста жүлдегер атанса, оқушылар оркестрі ауыл қуанышына айналды.
Нарын даласында күйшілік дәстүр үзілмек емес.
Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.