ҚАТЕЛЕСУДІҢ ДЕ ЖӨНІ БАР
Атырау қаласының Авангард мөлтекауданында тұратын Мазукура Қыдыралиеваның атына салық төлеу қағазының келгеніне таң қалдық. Себебі, кейуана осыдан екі жыл бұрын бақилық болған-ды. Ол туралы арнайы анықтаманы да қоса жолдаған оқырмандарымыз: «Бұл қалайша?» деген сауал тастайды.
Таяуда таныс құрбымның ата-анасы қаладағы көп қабатты тұрғын үйдегі пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қала сыртындағы ауылда уақытша тұрған болатын. Жұмысқа келіп-кетуге ыңғайлы болғандықтан, құрбым жөндеу жүріп жатқан үйде қалып қойған-ды. Екі айдан соң, ата-анасы оралғанда, салық төлеу туралы қағаздың құрбымның атына келгенін көріп, анасының: «екі айда бізге айтпай үйді қалайша атағыңа аударып алғансың?» деп күлгені есіме түсіп кеткені. Сол кезде салық комитеті «техникалық ақаулықтарға байланысты» деп түсіндірген болатын. Бұл жолы да сол ақаулықтың орын алғаны шығар деген ойда қалдық. Бұл жүйедегі қателіктің көп болуына не себеп екенін кім айтар екен?
Гүлжан ӘМІРОВА.