«Жыр – менің жалғыз тарланым»

le men seni ayalap tem Жаңалықтар

Atr.kz/2 шілде, 2019 жыл. К ө р н е к т і а қ ы н , Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда «Жыр – менің жалғыз тарланым» атты республикалық жыр мүшәйрасы өтті.

Поэзия падишасын еске алуға арналған жыр додасын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Руханият» жастар ұйымы қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Жиынға өлеңсүйер көрерменнен өзге, өңір зиялылары, ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов бастаған әулеті қатысты. Шара шымылдығы М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістерінің «Өлең, мен сені аялап өтем» поэтикалық композициясымен ашылды. Одан әрі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөз сөйледі.

– Фариза ақын өзінің өр мінезділігімен, өткірлігімен, батылдығымен ерекшеленеді. Оның бұл мінезінің әр жағында елге деген қамқорлық, қолдау жататын. Ол туабіткен осынау қасиетімен әдебиетті алға сүйреді. Жыр жауһары атанды. Поэзияда шығармашыл буындарды қалыптастырды. Ендігі уақытта біз поэзия падишасының шығармашылығын насихаттай түсуіміз қажет. Оның артынан ілескен ұлы көш жалғаса беруі тиіс. Бұл ретте осындай мүшәйраларды, еске алу кештерін өткізудің маңызы зор, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Фариза ақынға арналған жыр мүшәйрасы жарияланғаннан бері оған қатысуға 100-ге тарта ақын ниет білдірген. Белгіленген шарт бойынша, ақындар Фариза ақынның өлеңдегі, өмірдегі қайталанбас болмысын жырға қосуы керек. Байқауға келіп түскен жүзге тарта өлеңдердің ішінен сегіз ақынның жыры сұрыпталып алынды. Олар шараға мейман ретінде қатысып,
ақынға арнап жазған өлеңдерін де оқыды.

Байқау жабық түрде өткендіктен, ақындар жыр бәйгесіне лақап атпен қатысты. Жыр байқауына қазақтың көрнекті ақыны, республикалық Махамбет сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан төрағалық етті.

Ал, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Ақберен Елгезек, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Еуразия универсиетінің доценті, республикалық Махамбет сыйлығының лауреаты Оңайгүл Тұржан, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қойшығұл Жылқышиев және ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, республикалық Махамбет сыйлығының лауреаты Бақытгүл Бабаш қазылар алқасына мүше болды. Жиын барысында қазылар алқасының сараптама нәтижесі айтылып, Атырау төріне жиналған жеңімпаз ақындар салтанатты жағдайда марапатталды.

«Дарын» деген атпен қатысқан алматылық ақын Динара Мәлік, «Қоңдыгер» деген аты бар алматылық Тоқтарәлі Таңжарық және «Тамшы» атты батысқазақстандық Жанерке Ғинаят үшінші орынмен марапатталды. Ал, «Байрон» деген атпен қатысқан алматылық Батырхан Сәрсенхан мен «Арслан» деген лақап есімі бар атыраулық ақын Асыланбек Шығыров екінші орынға ие болды. Бірінші орынды «Шалқар» лақап атымен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин жеңіп алды.

Ал, Бас жүлде «Төре» лақап атымен қатысушы қарағандылық Мирас Асанға бұйырды. Сондай-ақ, республикалық жыр мүшәйрасының Ф.Оңғарсынова атындағы арнайы жүлдесі де табыс етілді. Бұл марапатты Фариза ақынның сүйікті немересі Алан Оңғарсынов тараздық ақын Арайлы Жақсылыққа ұсынды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз