Аташ деген ағамыз болған…
Адамның өмір жолында жақсы мінезімен, жағымды әрекетімен, өнегелі ісімен үлгі боларлық жан кездессе, онда оның бағының жанғаны дер едім. Себебі, сіз одан көп нәрсені үйренесіз, жақсы адам болуға тырысасыз, ақырында, дәл сол адам болмасаңыз да, соған ұқсауға ұмтыласыз. Менің еңбек жолымда да талай марғасқалар мен жайсаңдар кездесті. Әрқайсысы бір төбе еді. Ал, Аташ Досалиев ағам өзіндік орны бар, шоқтығы биік азамат-тұғын.
Аташ Мерәліұлы Қызылқоға аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеп жүргенінде, бірге қызмет істеу бақыты бұйырды. Иә, әлі есімде, ол 1984 жылдың желтоқсан айы болатын. Аға мені өзінің қызмет кабинетіне шақырып алып:
«Қызым, мен сенің әкеңмен де қызметтес әрі дәмдес болып едім. Сенің жәй бала емес, қолыңнан іс келетін, көптің жүрегіне жол таба білетін жан екеніңді сеземін. Сол үшін де өзіңе үлкен сенім артып, сені Ойыл ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрайымы етіп тағайындаймын!» дегені. Сол бойда мені жанына ілестіріп, совхоз директоры Мырзабай ағаның кабинетіне алып барды. Ауылдың атқамінер ағалары да сонда екен. Мені таныстырып: «Өзіміздің баламыздай бала, барынша қамқор болыңдар» — деп тапсырды оларға. Содан ел үшін, халық үшін қауырт жұмыс басталып жүре берді. Асыл ағаның ақ батасы қабыл болды ма, әлде халық қолдады ма – мен сол орында тапжылмастан он алты жыл отырдым. Ел экономикасындағы талай қиындық, мәселен, 1985-ші жылдардағы қайта құру, 90-шы жылдардағы азық-түлік тапшылығы – бәрін бір кісідей-ақ басымыздан өткердік.
Атамыз қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Аташ ағамыздың туған елі мен халқы үшін жасаған жақсылығы аз емес. Соның бірі – Қаракөл селосынан 25 шақырым жердегі Бесқала ауылындағы қимен жылытылатын бастауыш мектепті жауып, оны орталыққа көшіруі. Осылайша малшы-механизаторлардың балаларын интернатқа орналастырып, мектеп басшысы мен ұстаздарын жаңа баспанамен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, ауданның совхоздары мен елді мекендеріне жол жүргізіліп, байланыс сымы тартылды. Тұрғындарға арналып клуб пен моншалар салынды. Абай атындағы совхозға мәдениет үйі мен мектеп салынып, халық игілігіне ұсынылды. Ал, бөлімшелерде бұрын-соңды болмаған жабық гараждар, түрлі техника жөндеу шеберханалары, мал қоралары, егіншілер үшін дала қосындары пайдалануға берілді. Кісілік пен кішіліктің символындай болған Аташ ағамыздың өнегелі ісі туралы әңгіме аз емес. Бұл – менің ауылдық кеңес хатшысы, ал Қыдыр Төтеновтың ауылдық кеңес төрағасы болып тұрған кезі. Терезеге көзі түсіп кеткен Қыдыр аға: «Мен совхозға кеттім. Атекеңнің көлігі келіп тұр екен…» — деп шығып кетті. Сәлден соң Аташ аға жанына совхоз директоры Серік Шынтасов ағаны алып, ішке кіріп келді. Осылайша ол сол кезде біраздан бері шешілмей тұрған мәселе – емдеу мекемесінің құрылысын ауылдық кеңестің кеңсесінде шешуді ұйғарып, ауыл тұрғындары алдында кеңестің беделін көтеруді ойлап еді-ау, шіркін…
Еліне елеулі, халқына қалаулы Аташ аға жетпістен сәл аса дүниеден өтті. Өлшеулі ғұмыр деген осы. Ол отбасында Зәуреш апамызға сенімді серік, ұл-қыздарына тәлімі мол әке болды. Бүгінде өз балаларынан тараған ұрпағы «Аташтың немересі», «Аташтың жиені» деген атқа лайықты еңбек етіп, ата рухына дақ түсірмеуде. Үнемі жанындағыларға «болсыншы» деп жүретін ақылгөй ағаларымыз – Аташ Досалиев, Серік Шынтасов, Есенгелді Нұршаев, Тілеген Қайырбаев, Төлеп Тілегенов, Мырзабай Айшуақовтардың жақсы істері мен өнегесін ешкім естерінен шығармақ емес. Өйткені, ол – жарасымды өмір, телегей теңіз тарих.
Ұлдай ӘЙТІШЕВА,
Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы,
«Құрмет» төсбелгісінің иегері.