Ата кəсіптен нəсіп тауып…
ҚИҒАШЫНАН САН ҚАРЛЫҒАШ САМҒАП ҰШҚАН, ҚҰМ ТӨБЕСІ АЛУАН СЫР БҮККЕН ДЫҢҒЫЗЫЛ АУЫЛЫНДА «ҚҰРМАНҒАЗЫ» КООПЕРАТИВІНІҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 60 ЖЫЛ ТОЛУ ТОЙЫ КЕҢ АУҚЫМДА АТАЛЫП ӨТТІ. ШАЛҒАЙ АУЫЛДАҒЫ ШАРАНЫ АЙРЫҚШАЛАП АЙТУЫМЫЗ ТЕГІН ЕМЕС. СЕБЕБІ ОЛ – ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫНДАҒЫ ІРІ МЕКЕМЕНІҢ БІРІ.
Ісін аз ғана мал өсіруден бастаған өндірістік кооперативтің қазіргі адымы алшаң. Селекциялық асылдандыру жұмыстарының нəтижесіне сай, ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен өндірістік кооперативке «асыл тұқымды мал шаруашылығы» мəртебесі берілген. Ал, қазір «Асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін зауыт жəне асыл тұқымды қазақтың айыр өркешті түйесін өсіретін кооператив» атағы бар, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырған іргелі шаруашылыққа айналған. Ауылдағы мал сою пункті де тұрғындар игілігіне қызмет көрсетіп келеді. 1998 жылы Құрманғазы атындағы кооператив ретінде құрылған күнінен бастап, ұжымның ұйытқысы, басқарма бастығы болған Харес Биляшевтан кейін бұл істі ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, облыстық мəслихаттың депутаты Сабыржан Сұлтанов табысты жалғастырып келеді. Мерейтойлық шара аламан бəйге, тай жарысы сынды делебе қоздырар сайыстарға, басқа да түрлі спорттық ойындарға ұласып, жүлдегерлерге қаржылай сыйақылар табысталды. Бұдан соң, мерекелік шаралар легі Дыңғызыл ауылдық мəдениет үйінде жалғасты. «Шежірелі өлке – өркениетті ауыл» шарасында кооперативтің басқарма төрағасы Сабыржан Сұлтанов кеңшардың 60 жылдық тарихына шолу жасап, жеткен жетістіктерін жария етті.
– Білікті мамандар, шопан, малшымеханизаторлармен бірлесе отырып атқарылған жұмыстың нəтижесінде өндірістік кооперативтегі мал саны ширек ғасырда 12 мың қой, 319 түйе, 120 жылқыға жетті. Сонымен қатар, кооператив еділбай қойының бір түрін өсірумен шектеліп қалған жоқ. Будандастыру жолымен ақ жүнді құйрықты қойлар да шығарылды. Осылайша, ақ жүнді ақ-қара бас қой тұқымы пайда болды. Көп жылдар бойы бір мақсатта жүргізілген селекциялық-асылдандыру жұмыстарының нəтижесінде шөл жəне шөлейт аймақтар жағдайында өсіруге аса жақсы бейімделген, əрі жеткілікті деңгейдегі жоғары ет жəне жүн өнімдерін беретін құйрықты қойлардың өзіндік ақ жүнді түрі шығарылды, — дейді Сабыржан Қыдырсиықұлы.
Шаруашылық жыл сайын орта есеппен 240-260 миллион теңгенің өнімін өндіріп, 10-12 миллион теңге таза табыс тауып отыр. Мал дəрігерлік шаралар жыл он екі ай бойы жүргізілсе, ет, шұбат өнімдері ауданда жоғары сұранысқа ие. Биыл кооператив 100 аналықтан 92 қозы, 100 түйеден 52 бота, 100 биеден 95 құлын алған. Бүгінде шаруашылықта 10 мың бас еділбай қойы, 310 бас қазақтың айыр өркешті түйесі, 110 бас жабы жылқы бар.
Кеш қонақтары Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Өмірзақ Қажымғалиев, кеңшардың бұрынғы директоры, III дəрежелі «Барыс» жəне «Құрмет» ордендерінің иегері Рысқали Сисатов, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Өтепберген Əлімгереевке кеңшардың құрылғанына 60 жыл толуына арналған естелік төсбелгі тапсырылды. Дəл осындай марапаттармен еңбек адамдары, яғни, бір топ шопандар, түйешілер мен жылқышылар, механизаторлар мен мал дəрігерлері, ферма меңгерушілері мен есепшілер ұлығыланды.
Салтанатты жиынға қатысқан аудан əкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев, аудандық мəслихаттың депутаты Сандуғаш Капуова марапаттау рəсімін жалғады. Жиын барысында ата кəсіпті жалғастырып, аудан экономикасының ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ауылдың 60 жылдық шежіресі шертілген Қазақстан Жазушылар жəне Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, өлкетанушы Өтепберген Əлімгереевтің «Құрманғазы атындағы совхоз. 60 жыл» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Гүлжан ƏМІРОВА