АСТАНА – ЕЛБАСЫНЫҢ ЕРЛІГІ

Биыл еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылатын ауқымды шаралар өтті. Қазақстан халқы  бір Тудың, бір идеяның, бір Көшбасшысының аясына берік топтаса түскенін ұйымшылдықпен өткен Президент сайлауы анық көрсетті.

 

Аталған тарихи маңызды саяси науқаннан кейін дәстүрге сай өткізілетін Елбасын ұлықтау салтанатына алғаш рет қатысу — менің де бағыма бұйырды.

Қазақстан тәуелсіздігінің бірден-бір жемісі — Есілдің жағасында, Сарыарқа төсінде бой көтерген әсем қала Астана. Елбасымыздың Елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясы Тәуелсіздік Туы көгімізде желбіреген жылдар ішінде ел мақтанышына айналып, тарих беттерінде алтын әріптермен жазылды. Астана Қазақстанды әлемге танытты. Әсемдігімен бір-бірінен кем түспей жарысқан зәулім ғимараттар мен сәулетті үйлер  шаһардың көркіне көрік қосып тұр. Еліміздің мәртебесі мен беделін асыра түсіретін ЭКСПО көрмесіне арналып салынып жатқан нысандар Бас қаламыздың көркіне көрік қоса түсері сөзсіз.

Астананың әсемдігіне өркениетті елдер таңдана да тамсана қарауда. Елорда – ең алдымен, Елбасымыздың ерен еңбегі мен ерлігі, мемлекетіміздің жаңа тарихының бейнесі. Осы бағытта елімізді одан әрі көркейте түсіру, бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағытында Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа Жолдауларында  айтып келеді.

«Мәңгілік Ел» мұраты — білімді ұрпақ. Ал, білімнің негізі кітапта екенін ешкім жоққа шығармайды. Кітапханамыздың кітап қоры 126152 болса, оның ішінде қазақ тіліндегісі – 26453. Қазіргі таңда облыстық әкімдіктің бастамасымен «Зиялы ел» бағдарламасы жасақталуда. Осы бағытта балаларды кітапханаға тарту мақсатында демалыс орындарына жылжымалы кітап көрмелерін ұйымдастыруды қолға алудамыз. Кітапханада оқырмандарды кітаппен қамту бөлімі мен өнер секторлары да қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, «Жас қаламгерлер» клубы, «Жас ісмер» үйірмесі, «Балдәурен» қуыршақ театры, тегін интернет сыныбы жұмыс жасайды. Жуырда кітапханаға жасалған толық күрделі жөндеу жұмысы біздің жаңа тынысымызды ашып, жұмысымызды жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік берді. 

Қазіргі жазғы демалыс уақытында мектеп жанындағы лагерьлермен бірігіп жұмыс жасап, балаларға кітапханалық шолу жүргіземіз.

Бүгінгі күні облыс орталығындағы 15 мектеппен келісім-шартқа отырдық. Соның нәтижесінде, келуші балалар саны жыл сайын артып келеді. Жыл қорытындысымен үздік оқырманымызды да анықтау дәстүрге айналды.

Астана күні мерекесі қарсаңында Елордамыз туралы қолда бар деректерді топтастырып, арнайы бұрыш жасақтадық. Мұндағы мақсат – ғасырлар тоғысында Елорданы жаңа астанаға көшірудегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі мен еңбегінің тереңдігін ашып көрсету, Тәуелсіздігіміздің бойтұмары – Астана күнінің ел өміріндегі тарихи оқиғалар тізбегінен орын алатын ерекше күн бола беретінін бүгінгі ұрпаққа ұғындыру, мемлекетіміздің берік ұстанған саясатын, мәдениетін, білімі мен экономикасын әлемге паш ететін күн екенін түсіндіру болып табылады. Мұны да жіті түсінетін балалардың елімізге, Елбасына, Елордамызға деген сүйіспеншілік-құрметін арта түсіруге сеп болатыны сөзсіз.

Сара ІЗМҰХАМБЕТОВА,

Атырау облыстық балалар кітапханасының директоры. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз