Жарнама
Қоғам

АТА АМАНАТЫ

Ел басына қатер төнген алмағайып заманда қолына қару алып, елін, жерін жаудан қорғаған азаматтар аз болмады. Соның бірі нағашы атам – Жәлел Иманғалиұлы. 1919 жылы Новобогат ауданы, Манаш ауылында дүниеге келген. 1936-1937 жылдары ауылдағы Манаш орталау мектебін, кейін Сарайшық орта мектебінен 10-сыныпты бітірген. 1940 жылы әскер қатарына алынған. 1943 жылы Смоленскіні қорғау кезінде көптеген есте қаларлық оқиғаларды бастан кешіріпті. Атам естелігінде былай деп суреттейді: «…Мамыр айының іші. Таңға жақын біздің барлаушылардың хабары бойынша дұшпан қаланың батыс жағынан шабуыл жасауы мүмкін» деп окопта отырғанымызда жаудың үш барлаушысы ұсталды. Біздің солдаттар үн-түнсіз, тез қимылдап ұстап алып, ауыздарын тығындап, дыбыстарын шығармастан штабқа тапсырдық. Біреуі унтер офицер екен. Одан көп мәлімет алдық, командир бізге алғыс жариялады. 1943 жылы шілде айының соңы болатын, бір қысылтаяң кезде бізге пулеметті жау шебіне қарай жылжытуға бұйрық болды. Біздер жылдам орналасып, фашистердің атыс ұясына оқ жаудыруға тиіс едік. Шабуылға шығатын өз бөлімшелеріміздің алға басуына көмектесуіміз керек еді. Бірақ, жау пулеметті, бізді сезіп қалып ата бастады. Дұшпан пулеметінің бір кідірісін пайдаланып, қолыма екі граната алып, жер бауырлап барып, дұшпанның атыс ұясына лақтырып жібердім. Граната гүрс етіп жарылып, дұшпанның атыс ұясын тас-талқан етіп қопарып тастады. Дұшпанның үні өшті, жол ашылып, біздің бөлімшелер алға шабуыл жасады. Командир маған алғыс жариялады…»
Ал, Ұлы Жеңісті атам Смоленскі, Ярцево, Сафоново маңында қарсы алған екен. 1946 жылдың 23 наурызында Жоғарғы Кеңестің жарлығы бойынша мамыр айында туған елге оралған. 1946 жылдың қыркүйек айынан бастап мұғалімдік жұмысқа орналасқан. 1946-1948 жылдары Гурьев педагогикалық училищесін бітірген, 1951-1953 жылдары мұғалімдік институтын тәмамдайды. 1960-1966 жылдары Гурьев пединститутының қазақ тілі факультетін ойдағыдай аяқтайды. Көп жылғы мінсіз еңбегінің арқасында «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» атағын иеленеді. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған. Басқа да көптеген медальдары бар… Қырық жылдан астам жұмыс жасап, зейнеткерлік демалысына шығады.
Атамның естелігінде өзінің жазып қалдырған тілек-батасы бар: «…Ендігі біздің тілегіміз: Ұрпақтарымыз ұзақ, бақытты өмір кешіп, ата-аналарына, алтын ұя мектептеріне кір келтірмей, мұсылмандық дәстүрді берік сақтап, түрлі зиянды заттардан (ішімдік, нашақорлықтан т. б.) аулақ болғай. Өмірде, еңбекте алда, бақытты болғай. Елімізде мәңгі бейбітшілік орнасын! Мұндай сұрапыл соғыс ендігі жастардың, ұрпақтардың түсіне де енбесін! Мәңгі тыныштық салтанат құрсын!»

Мирас ХАМИДОЛЛА,
№2 орта мектептің
4-сынып оқушысы.
Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button