Ат спортын серік етсек…

2edd3e93f300e595e0392b7dc5c88046 Қоғам

Өзін жылқы мінезді санайтын қазақ халқы әу бастан бәйге десе делебесі қозып, ішкен асын жерге қойған.

2edd3e93f300e595e0392b7dc5c88046

Шынын айту керек, соңғы жылдары елімізге енген жаңа технология мен жаһандану үрдісінің салдарынан ұлттық болмысымыз ұмытыла жаздағандай күй кеше бастағанбыз. Осы жағын жете түсінген Елбасы былтыр «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Бұл еліміздің зиялы қауымына үлкен ой салып, жер-жерде рухани жаңғыру жобалары бойынша ауқымды шаралардың қолға алынып, жүзеге асырылуына түрткі болған-ды.

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы  «Атқа міну мәдениеті» атты тарауын тарқатқанды жөн көрдім. Елбасы жылқының ұлтымыз үшін алатын орны мен маңызына тоқтала келіп, атқа мінуді қайтадан қолға алу керектігін баса айтты. Бұл дер кезінде көтерілген бастама. Себебі, бүгінгі жас ұрпақтың ішінде атқа мінбек түгілі ат әбзелдерінің атауын білмейтіндер жетіп артылады. Кезінде баласын алты жастан ашамайға отырғызып, он жастан оқ атқызған бабаларымыз жылқы арқылы ұрпағын жауынгерлікке тәрбиелеген. Ал, жауынгер болып өскен бала есейгенде ұланғайыр атырапты жаудан қорғап, осынша жерді болашаққа аманаттай да алады. Мұның бәрі бабаларымыздың ат спортын дамытып, жылқының тектілігін бойына сіңіргеннің арқасында жүзеге асырылады.

Қызылқоға өңірінде осыдан екі жыл бұрын ұлттық спорт түрлері федерациясы құрылған болатын. Ондағы мақсатымыз – ұлттық спортты дамытып, ұмытылып бара жатқан ойындарды жаңғырту. Аталған федерация құрылғалы ауданда бірнеше ат бәйгелері ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ұлттық спортты дамыту жөнінде түрлі семинарлар өткізілді. Өткен жылы облыс әкімінің ауданға сапары кезінде ипподром салу жөнінде бастама көтерген едім. Бұл ұсынысым  аймақ басшысы тарапынан қолдау тауып, бүгінде салынатын ипподромның жобалық-сметалық құжаттары жасақталу үстінде. Демек, бұл шалғай ауданда  ат спортының дамуына серпін береді деп сенемін. Егер ипподром ашылып жатса, соның ішінен сал ауруына шалдыққан азаматтар мен балаларды иппотерапия, яғни жылқы арқылы емдеу әдісін қолға алмақшымыз. Одан бөлек ипподромның жанынан емдік қасиеті жоғары ұлттық сусынымызды халыққа ұсынатын қымызхана ашу да жоспарда бар.

 

Қайырбек БАЙМҰРАТОВ,

Қызылқоға аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз