Желден де жарық аламыз!

764 Экология

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиевтің айтуынша, аймақта жаңартылған энергия көздерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатындағы іс-шаралар ауқымында жүзеге асуда.

764

 – Исатай ауданының аумағында 36 жел электр қондырғысы орнатылды. Қазір оны іске қосу, сынақ жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, – дейді басқарма басшысы.

Атырауда алғаш қолға алынған жоба табысты болады деген сенім бар. Оның қуаты 53 МВт-ты құрамақ. Қондырғы пайдалануға берілгеннен соң «Атырау-Жарық» АҚ-ның желісіне қосылады. Осылайша, қосымша қуат көзі тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді.

Мұрат Жаубайұлының пікірінше, өңірді жарықтандыруға қатысты өзге де жобалар жеткілікті. Соның дені мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті іске асыру аясында қолға алынуда. Өткен жылдан бері Атырау қаласының көшелерінде жарық желісінің құрылысын салу жұмыстары жүзеге асып жатыр. Бүгінде 39 көшені жарықтандыру бойынша құрылыс-монтаж аяқталған. Енді облыс орталығының 189 көшесіне жарық орнату мәселесі шешілмек. Қаладан Индер және Доссор бағытындағы полиция бекеттеріне дейінгі жол аралығы жарықтандырылады.

 – Мұндай жобалар тиімділігін береді. Жол бойына энергия үнемдеуші, озық технологиямен жасалған шамдар қолданылады. Бұл түнгі мезгілде тұрғындардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасайды. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиев.

Азамат  Сансызбайұлы.

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз